Оңтүстік Қазақстан облыстық "Жастар ресурстық орталығында" Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Асанәлі Әшімовтің "Аңызға айналған Асанәлі" атты шығармашылық кеші өтті, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Шараға облыс әкімі Жансейіт Түймебаев ұлттық сахна және киноөнерінің дарабозы, аты аңызға айналған біртуар тұлғаны 80 жылдық мерейтойымен арнайы құттықтады.
"Осынау мерейлі күнде елімізге сіңірген адал да абыройлы еңбегіңіз үшін шынайы алғыс сезімімді білдіремін. Сізге Оңтүстік Қазақстан облысы тұрғындарының атынан, миллиондаған жанкүйеріңіздің атынан "Оңтүстік Қазақстан облысының Құрметті азаматы" атағын табыс етуге рұқсат етіңіз. Сізге зор денсаулық, жаңа шығармашылық табыс, отбасыңызға береке, баянды бақыт тілеймін", – деді Жансейіт Қансейітұлы.
Өңір басшысы мерейтой иесінің иығына қазақы шапан жауып, астына ат мінгізді.
Сексеннің сеңгірін бағындырған тұлға кино мен театр өнеріне сіңірген еңбегі үшін Кеңес Одағы және Қазақстанның халық әртісі, Кеңес Одағы және Қазақстан Мемлекеттік сыйлықтарының, тәуелсіз "Тарлан" сыйлығының лауреаты атанып, "Отан", "Құрмет" ордендерінің, ЮНЕСКО-ның әлем киносы алдындағы еңбегі үшін берілген "Алтын қыран" орденін иеленген.