Әсем Орынбай стенд атудан Алматыда өтіп жатқан Әлем Кубогының жеңімпазы атанды, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Стенд атудан әлем кубогі 22 мамыр күні Алматы облысы Іле ауданы Байсерке ауылындағы Асанов атындағы ату клубында басталды.
"Финалда негізгі кезеңде 60 рет нысана көздеген соң үндістандық Ганемат Секхон мен Әсем 50 ұпайдан финап тең түсті. Қосымша мүмкіндікте қазақстандық спортшы екі мәрте мүлт кеткен жоқ. Ал қарсыластың жүйкесі сыр беріп, бір рет қана нысанаға дәл тигізе алды. Қола медаль тағы бір үндістандық Даршна Ратхордың еншісінде", - делінген хабарламада.
Бұл жеңісте Әсем Орынбай Париж-2024 Олимпиадасының жолдамасына қол жеткізді.
Беделді бәсекеге 42 елден 300 спортшы қатысып жатыр. Жарыс 28 мамырға дейін жалғасады.