Әсет Исекешев 84 мектепте робототехника кабинетін ашуға уәде берді

949

Әсет Исекешев 84 мектепте робототехника кабинетін ашуға уәде берді

Астана қаласының әкімі, "Нұр Отан" партиясының Астана қалалық партиясының төрағасы Әсет Исекешев 1 қыркүйекке дейін Астанадағы барлық мектеп компьютермен толығымен жасақталатынын мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

"Нұр Отан" партиясының Астана қалалық партиясы қолға алған жобалардың екінші тобы жаңа формацияны құрумен байланысты болады. Бірқатар креативті жобалар жүзеге асырылып жатыр. Өздеріңіз білетіндей, бағдарламалау факультативті түрде 7 сыныптан басталады. Биыл біз бір мектепте пилоттық алғашқы оқу жылын аяқтадық: компьютерлік сауаттылық - бағдарламау негіздері ол мектепте бірінші сыныптан басталды. Нәтиже баршылық. Біз балалардың қызығушылығын көріп отырмыз. Биыл осы бағытты 35 мектепте бастауды көздейміз", - деді қала әкімі Астанада Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өтіп жатқан "Нұр Отан" партиясы саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында.

Әкімнің айтуынша, бірінші сыныптан бастап оқыту ІТ-жобаларға, танымдық компьютерлік ойындар мен қазақ тіліндегі мультфильмдерге деген балалардың үлкен қызығушылығы барын көрсетіп берген.

"1 қыркүйекке дейін біз барлық мектептерді компьютермен толық жасақтайтын боламыз. Әрбір кабинетке wi-fi тартылып, барлық 84 мемлекеттік мектеп 100 пайыз робототехника кабинеттерімен қамтамасыз етіледі. 15 мектепте стэм-зертхана ашылады. Осы жобалардың барлығы "Рухани жаңғыру" бағдарламасы аясында бизнесмендердің қолдауымен жүзеге асырылып жатыр. Сонымен бірге, біз Финляндия, Корея, Сингапур тәжірибесі бойынша комюнити-орталығын немесе білім орталықтарын ашып жатырмыз. Олар 13 мектептің және 17 қалалық кітапхананың базасында ашылады", - деді

Еске сала кетсек, Астанада бүгін Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен "Нұр Отан" партиясы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысы өтіп жатыр. Шара барысында "Нұр Отан" партиясын жүйелі түрде жаңғырту бойынша жұмыс барысы талқыланып, Қазақстан президентінің бес әлеуметтік бастамасын жүзеге асыру бағытында қоғамдық бақылауды ұйымдастыру мәселелері қаралуда.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу