Астана әкімі Әсет Исекешев құрылыс компанияларының абаттандыру ережелерін бұзғаны үшін қатаң сынға алған соң құрылыс алаңдарын тәртіпке келтіруге кірісті, деп хабарлайды қала әкімінің баспасөз қызметі.
24 сәуірде елорда әкімдігінде кеңейтілген отырыс өтіп, жиын барысында қала басшысы "Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы" заңды бұзғаны үшін құрылыс компанияларының басшыларынан түсініктеме беруді талап етті.
"Құрылыс компаниялары заң талаптарын дұрыс орындамай отыр, санитарлық күтіп ұстау ережелеріне жауап бермейді. Құрылыс алаңдарында көлік дөңгелектерін жуатын орын жоқ, қоқыс шығарылмайды және үйлердің сапасы да күдік тудырады. Бізге құрылыс мәдениетін сапалы деңгейге көтеру қажет", – деген болатын әкім.
Осыдан кейін әкім сөзден іске көшіп, елордадағы барлық құрылыс компаниясын тексеруге кірісті.
Бүгінгі күні елорда аумағында жеке тұрғын үйлердің құрылысы мен пәтерлерді қайта жоспарлауды есепке алмағанда, 560 компания 1020 нысанның құрылысын жүргізеді.
2017 жылдың бірінші тоқсанында қолданыстағы заңнаманы бұзғаны үшін 17 компанияда жұмыс тоқтатылды.
Сондай-ақ абаттандыру ережелерін бұзғаны үшін рұқсат берілмеген компаниялар да бар.
Осы кезеңде 27 компания 2425030 теңгеге әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Ал рейд шаралары аясында Астана қаласы ІІД жергілікті полиция қызметінің табиғат қорғау полициясының мамандары абаттандыру және санитарлық күтіп-ұстау ережелерін бұзғаны үшін бірнеше компанияда жұмысты тоқтатқан.
Сонымен бірге, жер қатынастары басқармасы жер игеру мерзімін бұзғаны үшін 58 компанияның жер телімін жалға беруді ұзарту туралы өтінішін кері қайтарды.
Әкім осы бағыттағы жұмысты одан әрі жалғастырып, қаладағы барлық құрылыс алаңының санитарлық жағдайын бақылауда ұстамақ. Қала басшысы заң бұзған құрылыс компанияларына қатысты құрылыс жүргізуге берілетін рұқсатты кері қайтарып алуға дейін қатаң шаралар қабылданатынын ескертті.