Астана әкімі Әсет Исекешев Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті күнімен құттықтайды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің медиа орталығы.
"Құрметті астаналықтар және қала қонақтары!
Баршаңызды 1 желтоқсан – "Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Күні" мерекесімен құттықтаймын!
Бұл күн жалпы халық болып атап өтетін ерекше мереке. Ұлт Көшбасшысы, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев халқымыздың сан ғасырлар бойы тәуелсіздікті аңсаған асыл арманын жүзеге асырып, оның ғажайып Елордасын салған кемеңгер тұлға.
Халқымызда "Ел үмітін ер ақтар, ер қадірін ел сақтар" деген жақсы сөз бар. Тәуелсіздіктің жиырма алты жылында төрткүл дүниеге әйгілі болған Қазақстанның халықаралық аренада беделінің артуы Елбасымыз жүргізіп отырған салиқалы саясаттың нәтижесі.
Мерекеміз құтты болып, еліміз одан әрі өркендей берсін. Дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға ырыс пен береке тілеймін!
Ізгі ниетпен, Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев"