Астана әкімдігі ұйымдастырған алғашқы Startup Weekend байқауында қала басшысы Double bro's командасының әзірлеушілерін пилоттық жобаға қатысуға шақырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
22-23 жастағы сегіз жігіт бүгінгі байқауда жүйелерді автоматты басқару бойынша жаңа әзірлемені ұсынды. "Қазылар алқасымен ақылдаса келе, идея ғана емес, техникалық шешім ұсынған командаға өз шешімдерін әкімдікке енгізу бойынша пилоттық жобасын беруді шештік. Бұл біздің арнайы сыйлығымыз", - деді Әсет Исекешев марапаттау барысында.
"Біздің шешімді аграрлық саладан ақылды үйлерге дейін, барлық салада қолдануға болады. Яғни, құрылғылар арқылы принтерден үлкен ғимараттарға дейін деректерді жіберіп, қабылдап және басқара аласыз. Мәселен, сіз бизнес-орталықтың иесі болсаңыз, біз сіздің барлық жүйелеріңізді автоматтандырамыз және айына қанша электр энергиясы мен су тұтынғаныңыз туралы деректер алып отырасыз. Егер кеңсені жалға берсеңіз, қай кеңсенің көбірек тұтынатынын білуге болады. Сонымен бірге, кез келген ақаудың қай жерден туындағанын жылдам анықтай аласыз. Бұл құрылғы көліктен бастап, үлкен ғимараттарға дейін басқару жұмыстарын жеңілдетеді", - деп түсіндірді IT-университет түлегі Нұрсұлтан Садық.