Қылмыстық полиция қызметкерлері Астананың бірнеше қонақүйі мен мейрамхана басшыларын және әкімшісін алдаған алаяқтарды іздеуде, деп хабарлайды еlorda Info.
Полиция анықтағандай, алаяқтар мейрамханаларға қоңырау шалғанда өздерін қала әкімдігінің қызметкерлері ретінде таныстырады. Одан ары олар қала әкімі мен әкім орынбасарлары сыйлы қонақтарды ертіп олардың қонақ күтетін мейрамханаларына түскі асқа немесе кешкі асқа баратыны туралы хабарлайды. Сондай-ақ, баратын қонақтардың арасында танымал қоғам қайраткерлерінің немесе мемлекеттік құрылымдардың басшылары бар екенін айтады және олардың есімдерін атайды.
"Сонымен қатар, алаяқтар мекеменің басшылығын сендіре отырып, мұндай жоғары шенді және танымал қонақтардың баратындығы мекемеге жақсы жарнама болып табылатынын жеткізеді. Басқарушыларды сендірген соң олар банкет дастарханы үшін төлем соңында жасалатынын айтып, "тапсырыс берушілер" қонақ дастарханында аталған мекемеде бола бермейтін өте қымбат коньяктар,түрлі ішімдіктердің болу керектігін сұрайды", - дейді Астаналық ІІД баспасөз қызметінен.
Көзін жеткізу мақсатында "тапсырыс беруші" мейрамхана өкілдеріне аталған қымбат ішімдіктер табылатын дүкендерді атайды. Аз уақыттан соң қайта қоңырау шалып, еш жерден табыла қоймайтын қымбат ішімдіктер арнайы дүкендерде бар екенін хабарлайды. Сонымен қатар, мейрамхана әкімшілігі уақытын текке жұмсамас үшін Qiwi-әмиян арқылы төлем жасауға да болатынына сендіреді және тағы да барлық төлемдердің банкеттен соң жасалатынын ескертеді.
Алаяқатраға сеніп қалған зардап шегушілер қымбат тапсырыстан бас тарта алмай, аталған соманы аударған. Ал содан кейін алаяқтар телефондарын айырып, жоқ болып кеткен.
Қазіргі таңда заң бұзушылар туралы мәліметтер анықталып жатыр және оларды ұстау шаралары жүргізілуде.
Осы орайда, Астана қаласының ІІД азаматтарды қырағылық танытуға шақырып және телефон алаяқтарының құрығына түсіп қалмауларын ескертеді.
"Егер астаналықтар қандай да бір ақпараттар біліп жатса, онда Астана қалалық ІІД-не (Бейбітшілік көшесі, 19 ғимарат) хабарласуға немесе 8 (7172) 71-61-48, 71-60-69, 71-60-10 және 102 нөмірлеріне қоңырау шалуларын сұраймыз", - деп хабарлайды ведомствоның баспасөз қызметі.