Жолдардың қалыңдығы талапқа сай болмай шықты

2217

Соңғы кездері жол салуға тәжірибесі мен бірде-бір техникасы жоқ мердігерлердің келуі белең алып бара жатыр.

Жолдардың қалыңдығы талапқа сай болмай шықты

Жол жайлы болса жолаушы кідірмейді

Аймақта жол сапасына қатысты сын азаймай тұр. Мәселен жыл басынан бері жол құрылысы жүріп жатқан 171 нысанға тексеру жұмыстары жүргізілген. Алынған сынамалардың нәтижесінде 113 өрескел кемшілік анықталыпты.

"Жол активтерінің ұлттық сапа орталығының" зертханасы жолдың құрылысы мен сапасына қатысты арнайы қондырғылармен тексеріс жүргізеді. Жыл басынан бері олар 1500-ге жуық зертхана тәжірибесін жасаған. Өкініштісі, осыншама сынаманың 50 пайыздан астамынан олқылық анықталыпты.

Орталық мамандары жыл көлемінде аймақ жолдарына 485 рет тексеру жүргізген. Мұнан бөлек Антикор орталығының жанынан құрылған "Адалдық алаңы" жобалық кеңсесі аясында 19 мәрте проблемалық учаскелер зерделеніп, нәтижесінде сынамадан өткен 59 кемшілік анықталған.

"Жолға төселетін барлық құрылыс материалдарынан сынама түрлерін аламыз. Бұдан бөлек, жолда машиналардың жүруі, автокөліктердің қысқы, жазғы ауа-райына әсер ететін себептерін анықтаймыз. Жуырдағы тексеріс барысында Арал ауданы Жаңақұрылыс, Бекарыстан би ауылдарының жолдарынан 27 сынама алынды. Анықталғандай асфальт қалыңдықтары талапқа сай болмай шықты. Және қалаға қарасты Қызылжарма округінде Сыбайлас жемқорлық агенттігімен бірлесіп қар үстіне төселген асфальт бетон жамылғыларына тексеріс жүргіздік. Онда да бетон жамылғысының ұшуы мен талапқа сай қалыңдықтарының жетіспеуі анықталды", - дейді зертхана меңгерушісі Ержан Усманов.

Жол сапасын жақсартуда бақылаушы мекемелер мен қатар мердігердің де жауапкершілігін арттыру маңызды. Филиал басшысы соңғы кезде жол салуға тәжірибесінен бөлек тіптен бірде-бір техникасы жоқ мердігерлердің келуі белең алып бара жатыр дейді. Яғни, міндетіне немқұрайлы қарайтын жол салушы компаниялардың кесірінен жол сапасы төмендеп барады.

"Біздің елде орташа жөндеуде 2 жыл кепілдік мерзім береді. Егер жолдан кемшілік анықталса, осы мерзімде мердігер өз есебінен қайтадан қалыпқа келтіреді. Жол жөндеуші компаниялар көбейіп кетті, оның ішінде бір түйір маманынан басқа ешқандай техникасы жоқ, тек арендаға алып жұмыс жасап жүрген компанияларда бар. Бұндай тәжірибесі жоқ, маманы жоқ компаниялар әрине жол жөңдеу барысында ақау жібереді. "Жол жайлы болса жолаушы кідірмейді" деген нақылды қаперге алмайды", - дейді "Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы" РМҚ ҚОФ директоры Ерболат Көштаев.

Жол шын мәнінде өмірдің өзегі, тіршіліктің қайнар көзі. Өркениетті елдердің өзі барыс-келіс пен алыс-берісте жол қатынасына айрықша назар аударатыны да сондықтан.

Биыл жол сапасына қатысты сын ескертулер аз болған жоқ. Орталық тарапынан тапсырыс берушіден бөлек басқа да меморгандарға тиісті ұсыныстар жолданыпты. Ал мердігерлердің өз кемшілігін уақытында қайта қалпына келтіруін салаға жауапты мекеме қадағалап отырады.

Нұрбек Дәуренбеков

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу