Асханасы жоқ мектеп оқушылары тамақты кезекпен ішеді

842

Атырау билігі мектептердегі асхана мәселесін шеше алмай келеді.

Асханасы жоқ мектеп оқушылары тамақты кезекпен ішеді Фото: fonoteka.top

Қазір өңірдегі 10 білім ордасында тамақтану орны жоқ. Мемлекеттен берілетін тегін асты ішу үшін, балалар сарыла кезек күтуге мәжбүр, деп хабарлайды Inbusiness.kz сайты.

Ал, осыдан 9 жыл бұрын басталып, аяқталмай қалған жапсарлас ғимараттар қаржысы қайда кетті? Қаладағы 15-мектепте екі ауысыммен бір мыңнан аса бала білім алады. Соның ішінде 398 оқушы тегін ыстық тамақпен қамтылған. Бірақ ғимаратта сол асты тұтынатын асхана жоқ.

Аядай бөлмеге әрі кетсе 25-30 бала сияды. Сол себепті оқушылар қарындарын тойдыру үшін кезекке тұруға мәжбүр. Ал, ыстық тамақ құтыларға құйылып, әкелінеді. Жауапты компания білім ошағына күніне 4 рет сабылады.

Ләйлә Ахдиярованың үш баласы да осы жерде оқиды. Оның екеуі бастауыш сыныпта. Сөзінше, білім алушылар тамаққа қатысты шағым айтпайды. Десе де, асхананың жоқтығы дұрыс емес деген ойда.

"Балалар кейде үйден тамақ ішуге үлгермей, асығыс кетеді. Бастауыштағыларға тамақ тегін берілетін болғандықтан уайымдамаймыз. Ал, үлкен сыныптағы балама үйден салып беремін. Әйтеуір мектептің бір бұрышында жейді. Бірақ асхананың болғаны әрине, дұрыс. Ата-ана ретінде мәселенің тезірек шешілгенін қалаймын", - дейді қала тұрғыны Ләйлә Ахдиярова.

Қолданысқа 70 жыл бұрын берілген білім ордасының әу бастағы жобасында асхана қаралмаған. Ал 2015 жылы бюджеттен қаржы бөлініп, асхана есебінде жапсарлас ғимарат құрылысы басталып еді. Бірақ жауапсыз мердігерлер кесірінен жұмыс аяқсыз қалыпты. 

"Арал строй" деген салды. Бірақ содан бері қолданысқа берілген жоқ. Оның ішінде не жарық жоқ, не жылу жоқ. Ешқандай коммуникация өткізілмеген, жиhазы да жоқ. Сондықтан пайдалана алмай отырмыз. Асхана болса мүғалімдерге де балаларға да тиімді болатын еді", - дейді №15 Абай атындағы орта мектеп директорының міндетін атқарушы Гүлайым Акимова.

9 жыл бұрын дәл сондай 9 мектепке жапсарлас ғимарат салынады деп, қазынадан 1 млрд теңгеге жуық қаржы бөлініпті. Тендерді 4 компания ұтып алған. Бірақ көп ұзамай, құрылыс төңірегінде дау туып, бірнеше шенді мен "Арал" компаниясының өкілдері жемқорлық фактісімен тергелген еді. Лауазымды азаматтар жазаларын өтеп, шығында қайтарғанымен, білім ордаларындағы асхана мәселесі күрмеліп қалды.

"Сол 6 мектептің төртеуінде асхананы іске қосуға байланысты арнайы хат беріліп, бүгінгі таңда сол жапсаржайларды асхана ретінде іске қосуға байланысты жұмыстар рәсімделіп, жүргізіліп жатыр. Құрылыс басқармасы 6 асхананың төртеуінің рәсімдеу жұмыстарын аяқтап, құрылысын бастап кетуге байланысты жұмыстар жасап жатыр", - деді Атырау қалалық білім бөлімінің басшысы Айнагүл Дүйсекенова. 

Мектеп асханаларында шыбын ызыңы да білінбейтінін өз көзімізбен көрсек те, құрылыс басқармасындағылардың жазбаша берген жауабында жұмыс қарқынды делінген. Тіпті наурыз айында төрт бірдей мектеп асханасын қолданысқа береміз деген сенімде. Әкімдіктің баспасөз қызметі болса, жалпы облыс бойынша ақпаратты жақын арада жолдаймыз деп құтылды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу