Антониу Гутерриштің сөзінше, Газа секторындағы гуманитарлық апаттың жайы біз ойлағаннан да өте ауыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Пәкістанның вице-премьері және сыртқы істер министрі Мұхаммад Исхақ Дар отырысты қақтығыстарды бейбіт жолмен шешуге арнаған.
Ал Гутерриш БҰҰ-ның 80 жыл бұрын соғыс апатынан адамзатты қорғау үшін құрылғанын еске салды. Қазір геосаяси шиеленістер күшейіп, мемлекеттер арасындағы сенім жоғалып бара жатыр.
Бас хатшы Пәкістан ұсынған қарарды қолдайды, өзгені де осыған шақырды.
– Азық-түліктің жеткіліксіздігі сын көтермейтін дәрежеге жетті. Ашаршылық әрбір есікті қағып тұр. Гуманитарлық көмек жүйесі адамгершілік қағидаттарға негізделгенімен, тұралап қалды. Көмек жеткізетін қауіпсіз аймақтар жоқ, қауіпсіздік кепілдігі де атымен жоқ. Израиль тарапынан әскери әрекеттер күшейіп, Дейр-эль-Балах қаласында жаңа эвакуациялық бұйрықтар шыққан сайын, гуманитарлық апат тереңдей түсті, – деді ол.
Гутерриш БҰҰ нысандарына, соның арасында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының және БҰҰ жобаларын қолдау бағдарламасының (UNOPS) қоймаларына жасалған шабуылдарға қатты алаңдаушылық білдірген. Әрі Газа мен Украинадан бастап, Сахель, Судан, Гаити мен Мьянмаға дейінгі әлемнің әр аймағында халықаралық құқық бұзылып, ашаршылық пен еріксіз қоныс аудару рекордтық деңгейге жеткенін айтты.
Бұған дейін әлемге әйгілі актриса Анджелина Джоли Газаның ашық аспан астындағы түрмеге айналғанын айтқан еді.