Қазақстан орта білім беруде 5 салыстырмалы зерттеуге қатысады. Олардың негізгілері – PISA (Programme for International Student Assessment), TIMSS (Trends in International Mathematics and Science Study), PIRLS (Progress in International Reading Literacy Study) зерттеулері.
Осылардың арасында Қазақстан TIMSS зерттеуінде 10 жетекші елдің қатарында. Бұл туралы ҚР білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов үкімет отырысында айтты.
"PIRLS зерттеуінде біз мәтінді түсіну және оқу сауаттылығы бойынша 27-ші орындамыз. TIMSS-та математика және жаратылыстану пәндері бойынша академиялық білімде үздіктер ішіндеміз және 10 жетекші елдің қатарына кірдік", – деді білім және ғылым министрі.
Жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексінде Министрлікке 8 индикатор бекітілген. Рейтингке 140 ел қатысады.
"Олардың ішінде "кәсіптік-техникалық білім беру сапасы" бойынша 2017 жылмен салыстырғанда 11 позицияға (102-ден 92-орынға), "оқытудағы сыни ойлау" бойынша 1 позицияға (46-дан 45-ші орынға) жақсарды. "Күтілетін білім беру ұзақтығы" (53 орын) және "жарияланымдардың дәйексөзділігі" (110 орын) бойынша алдыңғы көрсеткіштер сақталды",– деді Асхат Аймағамбетов.
Министр Қазақстанның халықаралық рейтингтердегі ұстанымдарын арттыру жөніндегі жұмыс білім мен ғылымды дамытудың мемлекеттік бағдарламасы және басқа да жүйелі шаралар шеңберінде жалғасатынын айтты.