Кішкентай қателік үшін адамды бірден жұмыстан шығаруға болмайды – Асхат Аймағамбетов

Депутат әріптесімен бірге әзірлеген заңды Сенаттың мақұлдағанын мәлім етті.  

Кішкентай қателік үшін адамды бірден жұмыстан шығаруға болмайды – Асхат Аймағамбетов Фото: Мәжіліс

Бұл туралы Асхат Аймағамбетов әлеуметтік желідегі парақшасында жазған, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

Халық қалаулысының сөзінше, бұл – адамдардың жылдар бойы кезігіп келген нақты мәселелеріне берілген жауап. 

Асхат Аймағамбетов заңның авторы ретінде барлығын рет-ретімен, қарапайым сөзбен түсіндіріп өтті. 

– Көбі жалақыдан қағылмау үшін арнайы скринингке баруға қорқады. Жұмыс беруші сізді орташа жалақыңызды сақтай отырып, 3 күнге дейін скринингке жіберуге міндетті. 

Енді eGov немесе SMS арқылы "тексерілетін уақыт келді" деп хабарлама келеді. Ал кадр қызметі қызметкерді скринингке жіберуі тиіс. "Білмедім" немесе "жібермеді" деген сылтау енді жүрмейді. Болмаса – жауапкершілік. Біз мәселе көтерсек, оны заңдағы нақты нормалар арқылы шешеміз.

Ауысым алдындағы тексеру – бұл да жұмыс. Жүргізушілер мен зауыт жұмысшылары тексеруден өту үшін сағаттап кезекте тұратын. Бұрын бұл уақыт төленбейтін. Біз нені өзгерттік? Егер ауысым алдындағы тексеру міндетті болса – демек, ол жұмыс уақыты. Ол есепке алынып, төленуі тиіс. Бұл норма кәсіпорындарды процесті автоматтандыруға стимул болады, әйтпесе кезекте тұрған әр сағат үшін ақы төлеуге тура келеді, – деп жазды ол. 

Депутат көтерген кезекті мәселе – жұмысқа қабылдаудағы жазбаша бас тарту. Яғни, жүкті әйелдерге немесе кішкентай баласы бар аналарға көбіне үнсіз бас тарту дерегі тіркелетін. Енді кез келген адам себебін жазбаша түрде талап етіп, сол арқылы еңбек инспекциясына немесе сотқа сенімді түрде баруға мүмкіндік бар. 

– Кішкене қателік үшін адамды бірден жұмыстан шығаруға болмайды. Заң жұмыс берушіні жаза қолданарда теріс қылықтың ауырлығын, мән-жайды және қызметкердің өкінетінін ескеруге міндеттейді. Жаза жасалған іске сай болуы керек.

Жалақы, график, жұмыс орны – кез келген өзгеріс тек жазбаша немесе ЭЦП арқылы және 15 жұмыс күнінен кешіктірілмей хабарлануы тиіс. Ауызша "ертеңнен бастап басқаша істейсің" дегеннің заңды күші жоқ.

"Больничныйдағы" тұзақтарға да жол жоқ. Егер сіз ауырып жүргенде еңбек шартының мерзімі аяқталса, сізді жұмыстан шығара алмайды. Шарт аурухана парағы аяқталғанша ұзартылады.

Жұмыстан кеткіңіз келсе – кетіңіз. Жұмыс беруші материалдық жауапты тұлғаларды "іс қабылдап алу" деген сылтаумен шексіз ұстап отыруға құқығы жоқ енді. Бір айдың ішінде іс өткізуді ұйымдастырып, содан кейін құжаттары мен толық есебін беруге міндетті, – деді халық қалаулысы. 

Сонымен қатар, депутат техникалық инспекторлардың шынайы құқықтары, денсаулыққа байланысты шығынсыз ауысу туралы айта келе, ар-намыс пен абырой заң қорғауында екенін еске салды. 

– Біз алғаш рет Еңбек кодексінде қызметкердің ар-намысын, қадір-қасиетін құрметтеу және жеке өміріне қол сұғылмау құқығын бекіттік. Басшылық тарапынан дөрекілік, буллинг немесе жеке істерге араласу енді заңды тікелей бұзу болып саналады.

Бұл заң қарапайым адамды қорғауға арналған. Біз құрал бердік, енді әрқайсымыз өз құқығымызды білуіміз маңызды, – деп сөзін қорытындылады ол. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу