Депутаттың келтірген дерегі бойынша, 1 232 өндірістегі жазатайым оқиға бір жылда тіркелді. Оның 251-і адам өлімімен аяқталған.
"Сол оқиғалардың 24%-ы еңбек қауіпсіздігі ережелерінің бұзылуынан болған. Бұл жай ғана сандар емес. Бұл – біреудің өмірі. Біреудің отбасы әкесіз, анасыз, ұлсыз қалды. Мұның бәрі кездейсоқ емес, бұл – қауіпсіздік ережелеріне көз жұмып қарағанның салдары. Еңбек қауіпсіздігі ережелерін өрескел бұзғандардың жартысынан көбі тек ескерту алады. Ал егер бұл бұзушылық адамның өмірін қиып кетсе ше? Сол адамның отбасы алдында кім жауап береді? Біз осыны өзгерттік", – деп жазды Асхат Аймағамбетов.
Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске түзетулер енгізілген. Мәжілісмен енді бұл бұзушылықтар үшін ескерту емес, нақты және әділ жазалар болатынын айтады:
Еңбек қауіпсіздігі ережелерін бұзғаны үшін ескертулер мүлдем алынып тасталды.
Айыппұлдар көлемі арттырылды:
- алғашқы бұзушылық үшін – 20-дан 120 АЕК-ке дейін;
- қайталанған бұзушылықтар үшін – 40-тан 240 АЕК-ке дейін.
"Неліктен бұл маңызды? Бұл "айыппұлмен ақша жинау" емес. Бұл – әділдік және адам өмірін қорғау. Адал жұмыс берушілерге алаңдаудың қажеті жоқ. Бұл нормалар тек қауіпсіздікті елемейтіндерге қатысты. Еңбек қауіпсіздігі ережелерін бұзу енді жазасыз қалмайды. Қызметкерлер қауіпсіз еңбек жағдайына лайық. Ал мұны түсінбейтіндер заң алдында жауап береді", – деді Мәжіліс депутаты.