Асхат Аймағамбетов қазақстандықтарға қатысты бірнеше сүйінші жаңалығын жария етті

Бұл туралы халық қалаулысы өз парақшасында жазды.  

Асхат Аймағамбетов қазақстандықтарға қатысты бірнеше сүйінші жаңалығын жария етті Фото: parlam.kz

Бірқатар өзгерістер мен жаңашылдықтар депутаттардың бастамасымен дайындалған, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Олардың қатарында ғылыми байқаулардың жеңімпаздарына сыйақы төлеу, университеттерді қаржыландырудың өзгеруі, грант бойынша оқығандардың кейбір санаттарын міндетті өтеуден босату, балабақшаларды қолдау сияқты маңызды нормалар бар.

Айта кетейік, бүгін Мәжілістің жалпы отырысында заң жобасы екінші оқылымға шығуда.

Талантты оқушыларды қолдау бағытында айтарлықтай жаңалық байқалады. Енді халықаралық ғылыми байқаулардың жеңімпаздары 6 млн теңгеге дейін сыйақы алады. Оларды дайындаған ұстаздарға да біржолғы төлем беріледі.

Өткен жылы жеңімпаздарға ҰБТ тапсырмай-ақ грантпен ЖОО-ға түсу құқығы берілсе, бұл шара – сол қолдаудың жалғасы.

Асхат Аймағамбетов айтқан сүйінші жаңалықтардың қатары мұнымен бітпейді:

  • Енді жекеменшік мектептер белгілі тұлғалардың атын өз бетінше бере алмайды. Ол үшін ономастикалық комиссияның ресми келісімі қажет болады;
  • ЖОО қаржыландыруы студент санына емес, сапа көрсеткіштеріне байланысты болады. Бұл бәсекелестікті арттырып, оқу бағдарламаларын жақсартуға жол ашады.
  • Мүгедек баласы бар немесе ауыр науқас туысын бағып отырған түлектер грантты өтемеден босатылады. Ал шетелде оқуын жалғастырып жүргендерге (резидентура, магистратура, аспирантура, докторантура) оқуын аяқтағанға дейін кейінге қалдыру құқығы беріледі;
  • Мемлекеттік балабақшаға бөлінген жерлердің мақсатын өзгертуге тыйым салынады. Олар сауда орталығына айналмайды, жеке меншікке берілмейді.

Сонымен қатар, бұдан былай балалар 6 жасқа қыста толса да, жазға дейін балабақшада қала алады. Бұрын қаңтарда 6-ға толған балаларды бірден шығарып тастайтын жағдайлар жиі кездесетін еді. Ол өз кезегінде ата-аналарға үлкен қиындық тудыратын.

Депутаттың сөзінше, бұл мәселе де шешімін табады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу