Асхат Аймағамбетов МӘМС-те жоқ азаматтарды онкологиялық скринингпен қамтуды ұсынды

315

3,5 миллионға жуық азамат онкологияны ерте анықтау скринингіне қол жеткізе алмай отыр.  

Асхат Аймағамбетов МӘМС-те жоқ азаматтарды онкологиялық скринингпен қамтуды ұсынды  Фото: Өскен өңір

Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов МӘМС-те жоқ қазақстандықтарды онкологиялық ауруларды ерте анықтаудың скринингімен қамтуды ұсынды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Алдыңғы жылы онкология ауруханалары әйтеуір кредиторлық берешексіз шықты. Бұл жағдай енді жақсарып келе жатыр деген сөз. Бірақ осы жақсы өзгерістер Денсаулық сақтау министрлігінің солақай, асығыс, талдаусыз шешімінің кесірінен қазір осы мәселелер бойынша біраз қауіп төніп тұр деп те айтуға болады. Түсіну өте қиын, зерттеу толығымен жүргізілмеген. Тек қана қысқа мерзімнің ішінде барып, кейбір тұжырымдамалар жасап, соның негізінде осындай асығыс шешімдерді қабылдап отыр. Бұл енді көңілге қонымсыз", - деді Асхат Аймағамбетов "Онкология қызметінің проблемалары мен даму перспективалары" тақырыбындағы көшпелі отырыста.

Депутат Қазақстан бойынша 3,5 миллионға дейін азамат онкологияны ерте анықтауға қол жеткізе алмай отырғанын айтты. Себебі бұл азаматтар МӘМС жүйесінде жоқ. 

"Тиісінше олар онкоскринингте жоқ, онда болмағаннан кейін олардың онкологиясы дер кезінде анықталмайды.  Неге? Себебі біз бюджетті үнемдейміз дейміз. Бірақ сондағысы шешімнің кесірінен ол азаматтардың ауруы уақытында анықталмайды, одан кейін екінші, үшінші, төртінші стадияда келеді. Онкологиясы анықталғаннан кейін, ТМККК бюджетінен емделеді. Бірақ оны біз нөлінші, бірінші стадияда анықтасақ, экономикалық тұрғыдан бюджеттен кететін ақша аз болушы еді. Бірақ онкологиялық скринингте болмағандықтан, (ауруы) кеш анықталады. Яғни оны емдеу де қиын, қаражаты да көп, адамның әрі қарай емделіп кетуіне мүмкіндігі өте аз. Осы проблеманы шешуіміз керек деп санаймыз. МӘМС-те жоқ азаматтар онкология бойынша ерте скринингпен міндетті түрде қамтылуы керек", - деп атап өтті Мәжіліс депутаты. 

Айта кету керек, осыған дейін https://inbusiness.kz/kz/last/zhyl-sajyn-onkologiyalyk-aurulardan-13-myn-kazakstandyk-kajtys-bolady жыл сайын онкологиялық аурулардан 13 мың қазақстандық қайтыс болатынын жазған болатынбыз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу