"Міне, баршамыз үшін қиын әрі ерекше болған оқу жылы да өз мәресіне жетті.
Бұл оқу жылы аянбай қызмет еткен әр мұғалімнің ерен еңбегімен және ерлігімен есімізде қалары сөзсіз. Мектептерге мүлдем жаңа оқыту әдістеріне көшу оңайға соқпағанын бәрі бірдей түсіне бермейді. Өкінішке қарай, біз дәстүрлі оқыту форматына толықтай көше алмадық. Пандемияның салдары білім беру жүйесіне әлі де әсер ететіні анық. Дегенмен, сіз барлық қиындық пен сын-тегеуріндерге қарамастан, сабақтарыңызды ұтымды ұйымдастырып, мүмкіндігінше жақсы нәтиже көрсете алдыңыз. Сіз ұстаз мамандығының сезімталдық, балаларға деген қамқорлық және адамгершілік сынды ең жақсы қасиеттерін танытудың жарқын үлгісіне айналдыңыз", – деп жазды министр facebook парақшасында.
Министрдің жазуынша, оқушылардың білімі бойынша артта қалуы олардың мүмкіндіктері сондай деген сөз емес. Білім берудегі олқылықтарды қиын жағдай мен оқушыларды жігерлендіру деңгейінің жеткіліксіздігімен сипаттауға болады.
Мұндай балалар қазір барлық назарды қажет етеді. Олардың әлеуеті зор. Сондықтан балаларға қолдау көрсетуіміз керек.
"Бүлдіршіндерімізді өз қамқорлығыңызға алып, қиындықтарға қарамастан олқылықтардың орнын қосымша сабақтар өткізу арқылы толтырасыздар деп үміттенемін. Менің бұл өтінішімді қабыл алуыңызды сұраймын. Сонымен бірге Сізді жазғы мектептердің жұмысына 26 мамыр - 20 маусым аралығында белсене қатысуға шақырамын. Осы жылы соңғы қоңырау мерекесінде ерекше сезімге бөленгеніңізді білемін. Өйткені, бір жағынан оқу жылы аяқталып жатса, екінші жағынан - жазғы мектептер жұмыс істей бастады. Біз мұндай жағдайдың қайталанбауы үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз. Қашықтан білім беру кезінде әріптестерім әлеуметтік желілерді белсенді әрі еркін меңгере бастап, өз сабақтарына ойын элементтерін енгізе бастағанын ерекше атап өткім келеді",– дейді ол.
Сондай-ақ министр ұстаздардан вакцинация науқанында белсенді азаматтық ұстанымды танытып, вакцинация туралы ғылыми деректерді тарату барысында көмек көрсетуді өтінді. Сондай-ақ аталған тақырып аясындағы жалған ақпаратпен күресуге шақырды.
"Осы қиын-қыстау кезеңде мен сізбен бірлесе отырып, жұмыс істеу құрметіне ие болдым. Осы ретте түсіністік танытып, қолдау көрсеткеніңіз үшін және адал қызметіңіз үшін алғыс білдіремін! Баға жетпес ұстаздық еңбегіңіз үшін, жанкешті жұмысыңыз бен кез келген уақытта балаларымызға тіреу болуға деген ізгі ниетіңіз үшін рақмет! Сіз – нағыз батыр, биылғы оқу жылының басты кейіпкері атандыңыз.
Сізге сәттілік, мықты денсаулық тілеймін! Өзіңіз бен жақындарыңызға жанашыр болыңыз! Жазғы демалыс кезінде жақсы демалып, жаңа оқу жылына күш-қуатпен оралуыңызды тілеймін",– деп түйіндеді министр.
Аян Бекенұлы