Асхат Аймағанбетов мұғалімдерді кәсіби мерекесімен құттықтады

1303

Біз мұғалімдердің құқықтары мен мүдделерін қорғауға, әлеуметтік кепілдіктерді арттыруға, осы мамандыққа ең лайықты түлектерді тартуға бағытталған жұмысымызды одан әрі жалғастыратын боламыз. 

Асхат Аймағанбетов мұғалімдерді кәсіби мерекесімен құттықтады

"Қымбатты әріптестер! Сіздерді Мұғалімдер күнімен құттықтаймын!

Біліктілігі жоғары, беделі мықты, қоғамда құрметке бөленген мұғалімдерсіз мемлекеттің жарқын болашағын елестету қиын.Себебі экономиканың, мәдениет пен тұтастай қоғамның дамуы сіздердің еңбектеріңіздің нәтижесіне тікелей байланысты.

Ұстаз болу – жүректің таңдауы, жанның қалауы. Бұл жұмыс асқан жанкештілік, зор шыдамдылық пен балаларға деген махаббатты талап етеді.

Еліміздің бетке ұстар азаматтарын тәрбиелеп, жауапкершілігі мол және абыройлы міндетті атқарып жүрсіздер. Оқушыларыңыздың жеңістеріне қуанып, сәтсіздіктеріне бірге қынжыласыздар, қиналған шақтарында қолдау көрсетесіздер, – деп жазды Білім және ғылым министрі Facebook  парақшасында.

"Мемлекетіміз әрбір ұстаздың еліміздің дамуына қосып отырған үлесін аса жоғары бағалайды. Оның бірден бір дәлелі – "Педагог мәртебесі туралы" Заңның қабылдануы.

Осы Заңның қабылдануы, шын мәнінде, еліміз үшін аса маңызды болды, сондықтан Мемлекет басшысының ұстаздар қауымына көрсеткен қолдауы үшін алғысымыз шексіз.

Заңда мұғалімдердің тек әлеуметтік кепілдіктері ғана емес, сонымен қатар құқықтары мен міндеттері де ресми түрде бекітілген.

Бүгінгі таңда ұстаздар қауымы артық есептілік пен қызметіне жатпайтын функциялардан заң жүзінде босатылды. Заңдағы нормалардың мүлтіксіз іске асырылуы қамтамасыз етілуі тиіс.

Сондай-ақ мұғалімдердің жалақысы да айтарлықтай артты. Сынып жетекшілігі мен дәптер тексергені үшін төленетін қосымша ақының мөлшері де екі есе өсті. Педагогикалық шеберлік біліктілігі үшін төленетін қосымша ақы да лауазымдық жалақысының 30-50%-ы мөлшерінде белгіленіп отыр. Магистр дәрежесі бар мұғалімдерге ай сайын 27 мың көлемінде қосымша ақы қарастырылған. Алғаш рет білім беру ұйымдарының директорлары мен орынбасарларына да басқарушылық шеберлігі үшін лауазымдық жалақысының 30-дан 100 %-ға дейін қосымша ақы бекітілді.

Бұдан бөлек, Заңда мұғалімдердің жұмыс уақыты мен демалыс уақыты, жүктемелерінің азаюы және басқа да әлеуметтік қолдау шаралары нақты көрсетілген" , – деп жалғастырды министр.

Сондай-ақ ұстаздардың қазіргі пандемия жағдайындағы жай-күйіне тоқталған Білім министрі: "Коронавирус пандемиясы уақыттың сын-қатеріне ілесіп қана қоймай, осындай кезеңде көшбасшылық қасиетке ие болудың қаншалықты маңызды екенін көрсетті. Осынау күрделі кезең мұғалімдердің қоғамдағы рөлі мен маңызын тағы бір айқындап берді", – деп атап өтіп, мұғалімдерге алғысын білдірді.

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу