Асхат Қажытай 333 шақырымды жаяу жүріп өтті

1271

Журналист Асхат Қажытай Қарағандыдан Орталық Қазақстандағы ең биік тау Ақсораңға жаяу жетті.

Асхат Қажытай 333 шақырымды жаяу жүріп өтті

Журналист Асхат Қажытай "Жаяу" марафонын 17 мамырда бастап, жолға шыққан болатын. Ол алғашқы сапарын Қарағанды қаласынан 333 шақырым қашықтықтағы Орталық Қазақстанның ең биік тауы орналасқан Қызыларай ауылына бағыттады.

"Қазақстанды жаяу аралаймын" деген жобаны бастаған Асхат жолдағы Шет, Ақтоғай аудандарына соққан. Жол бойы журналист көлікпен еріп жүрген достарының көмегімен ауылдың тыныс-тіршілігі туралы, ондағы тұрғындар жайында бейне жазба түсіріп, интернетке жүктеп отырған. Журналистің айтуынша, жобаның басты мақсаты – Қазақстанның тарихи жерлерін 
 насихаттау, ауыл адамдарының тыныс-тіршілігін көрсету, ауыл мәселесіне назар аударту.

Асхат Қажытай күніне 50- 60 шақырымды жүріп отырып, 24 мамырда діттеген жері Ақсораң тауына жеткен.

"Ақсораң биігіне дейінгі 333 шақырымның жартысын жүгіріп өттім, жартысында жаяу жүрдім. Күн шақырайып ыстық болып тұрып алды, кейбір күндері суық болып кеткен кездер де болды. Бір байқағаным Қарағандыдан шыққаннан  бастап бір бұлт төбемде жүріп алды, кейбір кезде сол бұлт  күннен де қалқалады. Әлгі бұлтты Ақсораңның басына шыққан кезде де көрдім. Мұны мен өте бір тылсым күш деп есептедім. Шет ауданынан асқаннан кейін "Сарыарқаның белі" дейді ғой, тауға шыққандай болдым, жүгіре алмадым, жаяу да қиындау болды. Сосын Ақсораң тауы теңіз деңгейінен 1565 метр, оған шығып, түсу 30 шақырымды көрсетеді. Төрт сағат мініп тауға, бес сағатта түсесің, мұнда шығудан гөрі таудан түсуге көп уақыт кетеді",– деп мәлімдеді Асхат Қажытай. 

Енді келесі айда  Асхат Қажытай Қазақтың қасиетті тарихи  ескерткіштері сақталған Ұлытау өңіріне жаяу баруды жоспарлап отыр.  

Арайлым Еркебаева

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу