"Біз бүгін қандай жағдайға куә болып отырмыз? Шағын және орта бизнесті қолдауға мемлекет тарапынан қаншама қаражат бөлініп жатыр. Жеңілдетілген несиелер, кепілдіктердер мен гранттар да беріледі. Әйтсе де бірін бірі қайталап жатқан мемлекеттік бағдарламалардың бірқатары бар. Олардың қатарына "Бизнестің жол картасы - 2025", "Еңбек", "Қарапайым заттар экономикасы", "Шағын және орта кәсіпкерлікке жеңілдетілген несие", "АӨК-ті дамыту", "Аймақтарды дамыту" бағдарламалары дейсіз бе, бәрі бір-біріне ұқсас. Сол себепті осы бағдарламалардың бағыттары бірін бірі қайталап тұрғанын байқаймыз", - деді республикалық бюджеттің қорытындысы қаралған бүгінгі Сенат отырысында Мәулен Әшімбаев.
Сенат спикерінің айтуынша, бағдарламалардың бір-біріне ұқсастығы қаржының толық игерілмей қалуының бір себебі.
"Бәлкім, осы бағдарламалардың бәрін біріктіріп, бірыңғай үйлестіріп, іске асырған дұрыс шығар!? Яғни жоғарыда мен атаған бағдарламалардың бәрі де шағын және орта бизнесті қаржыландыруға арналған. Сол себепті үйлестіру жағына баса мән беруіміз керек", - деді ол.
Аян Бекенұлы