АШМ: Арабтар аулаған әр жекдуадақ үшін қазынаға 562 065 теңге төлейді

1461

АШМ: Арабтар аулаған әр жекдуадақ үшін қазынаға 562 065 теңге төлейді

Елімізде Қызыл кітапқа енген жекдуадақ құсы арабтардың инвестициясы есебінен қорғалып, көбейтіледі. Оған айырбас ретінде шейхтарға осы құсты ақылы түрде аулауға рұқсат берілген. Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ерлан Нысанбаев баспасөз мәслихатында айтты. Бұл туралы Baq.kz хабарлайды.

"Біріккен Араб Әмірлігі мен Катардың танымал тұлғалары әр ауланған жекдуадақ үшін 562 065 теңге төлем жасайды. Жекдуадақтардан мемлекет бюджетіне жылына 272 млн теңге түседі. Бұдан біз еш зиян шегіп отырған жоқпыз", – деді Ерлан Нысанбаев.

Оның айтуынша, Біріккен Араб Әмірлігі келісімшарт негізінде осы құс түрін қорғап, көбейтуге 26 млн доллар бөлген. Оның үстіне ауланғандарынан өсірілгендерінің саны басым екен.

"Біз 2003 жылы Араб Әмірлігінің басшыларымен жекдуадақты өсіру, қорғау және көбейту жөнінде келісім жасадық. Келісімшарт негізінде 26 млн доллар ақша осы құс түрін сақтап, көбейтуге бөлінді. 2007 жылдан бері жекдуадақ саны 7 800-ге жетіп отыр. Ал 2003 жылдан бастап осы уақытқа дейін ауланған дуадақ саны 588 ғана", - деп толықтырды вице-министр.

Сонымен қатар, Е.Нысанбаев жекдуадақтарды тек қана қыркүйек және қазан айларында аулауға болатынын айтты. Биыл 174 дуадақты аулауға рұқсат берілген. Ал Араб Әмірлігі мен Катардан келгендер құстарды ауламай, тек тамашалап қайтқан. Бұдан бөлек, вице-министр Оңтүстік Қазақстан облысында жекдуадақ өсіру орталығы салынып біткеннен кейін құстың осы түрін 15 мыңға дейін арттыруға болатынын айтты.

"2007 жылдан бастап Оңтүстік Қазақстан облысында жекдуадақ өсіру орталығы салынып жатыр. Орталықтың бірінші және екінші фазасы аяқталды. Құны 4 млн 500 мың теңгені құрайды. Онда 5 мың дуадаққа дейін өсіріп, табиғатқа жіберуге болады. Осы орталықты ұлғайту көзделіп отыр. Яғни үшінші фазасы салынуда. Орталық салынып біткеннен кейін жекдуадақ саны 15 мыңға дейін жетеді. Ал құны 57 млрд теңгені құрайды", - деп атап өтті ол.

Вице-министрдің айтуынша, бұдан бөлек Біріккен Араб Әмірлігі есебінен "Охотзоопром ӨБ" РМҚК-ге 81 техника, оның ішінде 62 жол талғамайтын көлік, 10 вагон-үй, сондай-ақ МИ-2 тікұшағы сатып алынған.

Естеріңізге салайық, осыған дейін араб шейхтарына Қазақстан қорықтары аумағында жоғалып кету қаупі бар дуадақтарды аулауға рұқсат берілгені хабарланып, бұл жағдай кең талқыланған болатын.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу