АШМ экспорт бойынша шектеулерді алып тастамақ

1297

Карантин кезеңінде азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында әлеуметтік маңызы бар ауылшаруашылық өнімдерінің жекелеген түрлерін экспорттауға шектеулер енгізілген болатын.

АШМ экспорт бойынша шектеулерді алып тастамақ

АШМ басшысы әлеуметтік маңызы бар ауылшаруашылық өнімдерінің жекелеген түрлерін экспорттауға шектеуді алатын уақыт жеткендігін мәлімдеді. Сапарахан Омаровтың сөзін ведомствоның баспасөз қызметі жеткізді: "Тыйым салу және квоталар  түріндегі барлық реттеу шаралары уақытша. Қазір короновирус індетіне байланысты карантиндік шаралар жеңілдетілді, демек, тауар айналымы да біртіндеп қалпына келеді. Сондықтан, 2020 жылдың 1 маусымынан бастап астық пен ұнға, сондай-ақ басқа да тамақ өнімдеріне  қойылған барлық шектеулерді алып тастау жоспарланып отыр", – дейді ол.

Министр шектеулерді алып тастауға енгізілген тыйымдар мен квоталар өз нәтижесін беріп, жаңа өнім алуға аз уақыт қалғаны, азық-түлік қауіпсіздігінің қатері жойылғаны себеп болғанын айтады.

"Екіншіден, уақтылы қабылданған шаралардың арқасында өңірлердің тұрақтандыру қорлары ұн және басқа да азық-түлік өнімдерін жеткізуді қамтамасыз етті; үшіншіден, негізгі астық өсетін аймақтарда егіс науқаны басталды, барлық дайындық жұмыстары жүргізілді, ылғалдың жиналуы жеткілікті, "Қазгидромет" маусым-тамыз айларында орташа температура режимін және жауын-шашынның жеткілікті мөлшерін болжайды. Мұның бәрі елдің азық-түлік қауіпсіздігін толық қамтамасыз етуге жеткілікті дақыл жиналатындығын болжауға мүмкіндік береді", – дейді ол.

Еске сала кетсек, төтенше жағдайдың енгізілуіне байланысты және карантин кезеңінде азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында АШМ 22 наурыздан бастап әлеуметтік маңызы бар ауылшаруашылық өнімдерінің жекелеген түрлерін экспорттауға шектеулер енгізген болатын.

2 сәуір республика аймақтарындағы азық-түлік қорлары қайта нақтыланып, талдаудан өткеннен кейін, Ауыл шаруашылығы министрінің кейбір тауарлардың экспортын нақты реттейтін "Жекелеген тауарларды Қазақстан Республикасының аумағынан шығарудың кейбір мәселелері туралы" № 111 жаңа бұйрығы дайындалды. Қарақұмық жармасы, ақ қант, картоп, пияз, сарымсақ, тұқымдар мен күнбағыс майларының экспортына тыйым салынды.

Квота бойынша экспортталатын тауарлар тізіміне сәбіз,  қызылша, қырыққабат, сондай-ақ ұн мен бидай кірген.

Фото: 27r.ru

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу