БҚО Қарашығанақ кен орнындағы Bonatti компаниясының жұмысшылары жұмысқа шықты. Белгілі болғандай, олармен келіссіөз жүргізген жергілікті және компания басшылығы бір мәмілеге келген.
"Біз Bonatti Kazakhstan компаниясының бас директоры Кристианом Бануццимен онлайн режимде сөйлестік. Сөйтіп, 1 қаңтардан бастап жалақыны инфляция есебімен қайта индексациялайтын болдық. Келесі аптада инфляцияның ресми деңгейі жарияланады, олар жалақысын соған сәйкес алатын болады. Сол сияқты, барлық жұмысшыларға бір айлық жалақы көлемінде сыйақы беріледі. Үшіншіден, Bonatti басшылығы КПО б.в. компаниясының басшысы Эдвином Блуммен бірге қазақстандық жұмысшылар жұмыс істейтін әрбір позиция бойынша талдау жүргізеді. Біз бұл шаралардың барлығын қадағалап отырамыз", - дейді БҚО әкімінің орынбасары Мұхтар Манкеев.
Bonatti Kazakhstan компаниясының бас директоры Кристиан Бануццидің өзі Қарашығанақ кеніші жақын орналасқан Ақсай қаласындағы кеңсеге 15 қаңтар күні келмек екен.
Айта кетейік, аталған компанияның үш жүзге тарта жұмысшысы бұған дейін аштық жариялап, түскі және кешкі астарынан бас тартқан болатын. Олар бейнеүндеу жариялап, онда жалақыларының тым аздығын, азық-түлік қымбаттап жатқандықтан тек қана тамақ алуға әзер жететінін айта келіп, жалақыларын көбейтуін сұраған еді. Бұдан бөлек, оларды "үш сағат жұмыс орнында болмадыңдар" деп шығарамыз деп қорқытып жатқанын айтып, ол айыптаудың шындыққа жанаспайтынын, жұмыс орнында отырғандарын айтқан болатын. Қазіргі күні шерудің кейбір белсенділерін жұмыстан шығарғаны жөнінде алыпқашпа сөздер айтылғанмен, ол тиесілі мекемелер тарапынан расталып отырған жоқ.
Құралай Қуатова