Қарағандыда бес жылдан бері баспаналарын ала алмай зар болған үлескерлер шу шығарды. Олар компания басшысы отыратын нысанды баса көктеп кіріп, ақшаларын талап етті, деп хабарлайды Inbusiness.kz сайты.
Ал жыл сайын "күнде ертеңмен" тұрғындарды мезі еткен кәсіпкер не дейді?
Ашынған үлескерлер 2019-шы жылдан бері не баспаналарына, не салған ақшасына қол жеткізе алмай әлек. Олар құрылыс компаниясын сотқа да берген. Алайда, нәтиже жоқ.
"Ақшамызды салып қойып, үйімізді ала алмай жатырмыз. Сонда мына Қарағандыда мемлекет бар ма өзі?! Қандай мемлекетке бағынады? Бізде заңдылық бар ма өзі? Жерді береді де үйді салдыра алмайды", - дейді үлескер Мұхит Ақылбеков.
"Енді білмейміз қашан салынады, не ақшамызды бер десек, ақшамыз жоқ. Не үйіміз жоқ. Білмейміз кімге айтатынымызды", - дейді үлескер Бибігүл Ырысбек.
Жылдар бойы өзгенің баспанасын жалдап паналанғандардың шыдамы таусылғаны соншалық, жұрт компания басышысы Айдос Мұқтаевтың кабинетіне баса көктеп, бір-ақ кірді.
Ал компания басшысы болса, осы күнге дейін 800 үлескердің қаражаты қайтарылды дейді. Қалған 120 адамның қаражаты бойынша кезең-кезеңмен қайтарамын деп отыр.
"Кім бізге өтінім берді ақша қайтаруға соны біртіндеп қайтарып жатырмыз. Бір жылдың ішінде бір жарым миллиард ақша қайтардық", - дейді құрылыс компаниясының басшысы Айдос Мұқатаев.
Қазіргі таңда құрылыс компаниясы 3 көп қабатты тұрғын үйдің құрылысын аяқсыз қалдырған. Нәтижесінде келісім шартты бұзып, ақшаларын талап еткен 120 үлескердің алдындағы қарызы 800 млн теңгеге жете ғабыл.