ШҚО-да есірткі заттары мен ащы судың жетегінде кеткен нәзік жандылар мен жасөспірімдердің, 14 жасқа дейінгі балалардың саны азаймай тұр.
Статистикалық деректерге сүйенсек, үстіміздегі жылдың бес айында облыстық наркологиялық диспансерде психикалық белсенді заттарды қолданатын 3668 әйел есепке алынған, өткен жылғы көрсеткіш – 3655. Ішкілікке салынған әйелдердің саны — 3392.
Ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында әртүрлі спиртті сусындардан 560 адам уланып қалса, олардың арасында 177 қыз-келіншек бар. Осы уақыт аралығында 47 адам, оның ішінде 11 әйел арақтан уланып қайтыс болған. Басқа психобелсенді заттардан уланып көз жұмған тағы 4 адамның біреуі — әйел. Абырой болғанда, бұлардың арасында жеткіншектер мен балалар жоқ.
Есірткі заттарымен 245 әйел әуестенеді, ал 31 әйел токсикоман, яғни, желім, жылтыр бояу, сыр сияқты әртүрлі тұрмыстық заттарды иіскейді.
"Басты проблема — өңірде қыз-келіншектерді мәжбүрлеп емдеу үшін төсек саны өте аз, — дейді облыстық наркологиялық диспансердің нарколог-дәрігері Сайра Букатова. — Жаңа Қанай ауылындағы сот шешімімен мәжбүрлеп емдеу орнында әйелдерге бар болғаны он-ақ орын бөлінген. Оның үстіне біздің диспансерге науқастар көбінде өте ауыр күйде түседі. Олардың көпшілігі әлеуметтік маңызы бар, қоғамға кауіпті жұқпалы АИТВ (ВиЧ), С, В гепатиті, туберкулез дерттерін жұқтырған. Ал диспансерде тіпті жансақтау бөлімі де жоқ".
Жасөспірімдерге келсек, нарколог мамандар ішкілікке салыну бойынша есепте тұрғандардың көрсеткіші 3,1 пайызға, токсикоманиялық заттармен әуестенушілердің саны 32 пайызға, психобелсенді заттарды тұтынушылардың көрсеткіші өткен жылғы 233-тен биыл 256-ға өскенін айтады. Психобелсенді заттарды тұтынатын 14 жасқа дейінгі балалардың саны өткен жылы 51 болса, биыл 71-ге жеткен. 16 бала ішімдікке салынған. Тұрмыстық улы заттарды қолданушы балалардың саны 136 пайызға өсуіне байланысты жалпы диспансерлік есепте тұрған балалардың саны 39,2 пайызға артып отыр.