Астанада ашық аспан астында шахмат сеансы ойындары өтті. Ойынның бір уақытта сеансына балалар, студенттер, жоғары сынып оқушылары, Астана қаласының тұрғындары мен Италиядан келген қонақтар қатысты. Бұл шараның негізгі ерекшелігі оның ашық аспан астында өтуі және халықаралық гросмейстер Дәрмен Сәдуақасовпен кез келген адам шахмат ойнауға мүмкіндік болды, деп хабарлайды astana.gov.kz.
Бір сәтттік ойын сеансы ҚР Конституциясы күні "Нұр Отан" партиясы "Жас Отан" жастар қанатының IV съезі қарсаңында, елбасының "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" мақаласы аясында Қазақстанда жастар арасында шахматты насихаттауға бағытталған.
Өз сөзінде халықаралық дәрежелі гроссмейстер, "Құрмет", "Парасат" ордендері мен "Дарын" сыйлығының иегері Дәрмен Сәдуақасов Астана қаласының жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасына, "Жас Отан" жастар қанатына, бастаманы қолдағандары үшін алғыс білдіріп, болашақ жоспарларымен бөлісті. Ол ары қарай да балалар мен жастар арасында бірқатар шаралар өткізу жоспарланып отырғанын айтты.
Ойын соңында қатысушыларға сертификаттар табысталды.
Айта кетейік, Дәрмен Сәдуақасовтың Шахмат академиясында бүгінгі таңда 600-ге жуық адам айналысады.