Астанада әбден ашыққан және әлсіреген тазы иттердің иесіне айыппұл салынды. Бұл туралы қалалық орта сапасы және бақылау басқармасынан мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Басқарманың Ветеринария және өсімдіктерді қорғау бөлімінің мамандары Астана полициясымен бірлесіп, жануарлардың иесіне түсіндіру жұмыстарын жүргізген және ветеринарлық-санитарлық талаптарды сақтауды ескерткен.
Астана қалалық мәслихатының 2015 жылдың 23 желтоқсанында бекітілген шешімімен қала аумағында жануарды асырау мен күтіп-бағу ережесін бұзғаны үшін Астана ІІД жергілікті полиция қызметі жануарлардың иесін ҚР ӘҚБК 408-бабы, 1-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартып, 3 АЕК көлемінде айыппұл салды. Ал жануарларға қатыгездік жасау фактісі расталған жоқ.
Еске салайық, тамыз айында Фейсбук қолданушысы Жора Морозов "Этноауыл" ұлттық-мәдени орталығы ("Қазанат" ипподромы) аумағындағы екі тазының мүшкіл жағдайы туралы дабыл қаққан болатын. Кейінірек бұл жануарлардың жеке тұлғаға тиесілі екені анықталды. ҚР мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы әбден азған иттерге қатысты мәселені өз бақылауына алатынын айтқан болатын
"Екі иттің де иесі - Бекболат есімді жеке тұлға, оларды Павлодардан әкеліпті. Оның айтуынша, біраз уақыт бұрын екі ит қоршаудан жоғалып кетіп, 10 күн іздестіруден кейін өте нашар жағдайда қайтарылыпты. Иттер жоғалғаны туралы полицияға берген арызы бар", - деді министр.