"Ashyq" қосымшасы Павлодарда қолданыла бастады

754

Ол кәсіпкерлерге "қызыл аймақта" да жұмыс істеуге мүмкіндік береді.

"Ashyq" қосымшасы Павлодарда қолданыла бастады

Бұған дейін Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында енгізілген "Ashyq" жүйесі енді пилоттық режимде Павлодар қаласына пайдаланылатын болды, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Өңірлік кәсіпкерлер палатасы директорының міндетін атқарушы Серік Әубәкіровтің айтуынша, жаңа жүйе облыс орталығындағы фитнес-клубтар, спа-орталықтар, сауналар мен бассейндер, боулинг және компьютер клубтарына келушілердің бойында коронавирустық инфекцияның бар-жоғын көрсетіп, тұрғындарға әр түрлі түстегі мәртебе береді. Егер QR-кодты сканерлеу кезінде келушінің індет жұқтырған адаммен байланыста болғаны немесе коронавирус жұқтырғаны белгілі болса, "сары", "қызыл" түстер жанып, қоғамдық орынға кіруіне рұқсат берілмейді. Ал бұған дейінгі ПТР-тест талдамасы оң болса, "көк", "жасыл" түстер көрсетіліп, жоғарыда аталған нысандарға еш кедергісіз кіре алады.

"Шағын және орта бизнес өкілдері QR-кодтар алу үшін Өңірлік кәсіпкерлер палатасына хабарласуы керек. Кейін олар ғимаратқа кірушілер мен одан шығушылардың санын бақылап, мәртебесін анықтауға мүмкіндік беретін QR-кодтарды ала алады. Бір апта аралығында 10 кәсіпкерлік нысанынан тиісті өтініш түсті", - дейді Серік Әубәкіров.

Ал тұрғындарға "Ashyq" мобильді қосымшасын ұялы телефонына жүктеп алса болғаны. Телефон жанында болмаса мекеменің әкімшісіне жеке сәйкестендіру нөмірін айтуы тиіс. Сол арқылы ПТР-тест талдамаларымен біріктірілген орталықтағы мәліметтерді тексеруге мүмкіндік туады.

"Келушілердің мәртебесі туралы ақпарат алу кәсіпкерлік нысандарына өңір "қызыл аймақта" болған күннің өзінде жұмысын жалғастыруға мүмкіндік береді", - дейді Серік Мақсұтұлы.

Алдағы уақытта "Ashyq" жүйесіне қоғамдық тамақтану орындары мен кинотеатрлар да қосылуы мүмкін.

Ажар Дәулетова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу