24 мамырдағы жағдай бойынша "Ashyq" жүйесін пайдаланушылар саны 1 млн 700 мың адамға жетті. ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Әсет Тұрысовтың айтуынша, осы уақытқа дейін мәртебесі "қызыл" 2631 адам, мәртебесі "сары" 2074 адам анықталған, деп хабарлайды inbusiness.kz.
Сонымен қатар спикер жуырда қосымша жұмысында тіркелген ақауларға байланысты түсініктеме берді.
"Ashyq" жүйесі жұмысындағы техникалық мәселелер мобильді қосымшаға мүліктік құқықтарды мемлекетке берумен байланысты болды. Енді техникалық ақаулар мәселесін "Ұлттық ақпараттық технологиялар" АҚ қадағалайтын болады. Онда жоғары санатты мамандар жұмыс істейді. Олар сервис жұмысының тұрақтылығын қамтамасыз етеді", – деді вице-министр.
Әсет Тұрысовтың айтуынша "Ashyq" қосымшасын "Вакцинациялаудың электрондық паспорты" сервисімен интеграциялау бойынша жұмыстар жалғасуда және жуырда жүзеге асырылмақ.