"Ashyq-тың" пайдасы бар ма?

1154

Осы демалыс күндері Нұр-Сұлтан қаласында "Ashyq" мобильді қосымшасында тіркелген бірқатар бизнес-нысан жұмыс істейтін болады. 

"Ashyq-тың" пайдасы бар ма?

"Ashyq" қосымшалары кәсіптік нысандарға қатаң карантиндік жағдайда жұмыс істеуге мүмкіндік береді, деп хабарлайды inbusiness.kz елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Мысалы, егер қала сырқаттанушылық деңгейі бойынша "қызыл" аймақта болса, онда "Ashyq" қосымшасын қолданатын бизнес иелері "сары" аймақ үшін көзделген шарттар бойынша жұмыс істей алады.

Бүгінгі таңда жоба Нұр-Сұлтан бойынша 135 кәсіпкерлік субъектісін біріктірді. Оларға фитнес және спа, сауна, бассейн, боулинг, компьютерлік клубтар мен қоғамдық тамақтану ұйымдары кіреді. Айта кету керек, бұл кәсіпорындар өткен жылы төтенше жағдай жарияланғаннан кейін жабылып, тоқтатылды. "Ashyq" қосымшасы тоқтап қалған кәсіпорындарға жұмысын қайта бастауға мүмкіндік береді.

"Ashyq" пилоттық жобасының басты мақсаты – келушілер мен қызметкерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Себебі барлық азаматтар қоғамдық орындарға бару арқылы өзін-өзі оқшаулау режимін сақтамайды және осылайша вирустың таралу қаупін тудырады. Сонымен қатар, карантин кезеңінің басынан бастап қызметін қайта бастай алмаған кәсіпкерлерге эпидемиологиялық жағдайды бағалау матрицасының белгілі бір "аймағында" болуына байланысты біртіндеп немесе толығымен жеңілдіктермен жұмыс істеуге мүмкіндік беріледі.

Мобильді қосымшаны қолдану жеңіл. Қоғамдық орынға кіреберісте пайдаланушы арнайы QR-кодты сканерлеп, оны әкімшіге көрсетеді. Код келушінің мәртебесін (статус) анықтайды. Мәртебе ПТР-зерттеулердің бірыңғай интеграциялық порталы және ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің COVID-19 бақылау орталығы сияқты ақпараттық жүйелермен салыстыру негізінде беріледі. Әр түске сәйкес мәртәбе келесідей мағына береді:

"Қызыл" мәртебе ПТР-тест тапсырып, коронавирус анықталған адамға беріледі. Мұндай мәртебе иелері үйде оқшаулану режимін қатаң сақтауы тиіс.

"Сары" – байланыста болған адамдарға берілетін мәртебе. Оларға азық-түлік алуға немесе үйдің жанындағы дәріханаға баруға рұқсат етілгенмен, басқа қоғамдық орындарға баруға тыйым салынады.

"Көк" — ауру жұқтырған адамдармен байланыста болған адамдар есебінде жоқ, ПТР-тест (мысалы әуежайда) талап етілетін жерлерден басқа кез келген жерде еркін қозғалу дегенді білдіреді.

"Жасыл" – жүріп-тұруда шектеу жоғын білдіреді, мұндай адам базада COVID-19 індетіне ПТР-тестілеуі теріс нәтиже шыққан пайдаланушы болып шығады.

Елорда қазір "қызыл аймақта" орналасқан. Алайда, "Ashyq" қосымшасы арқылы жұмыс істейтін кәсіпорындарға демалыс күндері жұмыс істеуіне рұқсат етіледі. Яғни фитнес және спа, сауна, бассейн, боулинг, компьютерлік клубтар мен қоғамдық тамақтану ұйымдарына баруға болады. Бұл қаладағы эпидемиологиялық жағдайға қалай әсер етеді?

"Ashyq" қосымшасы бойынша жұмыс және демалыс күндері жұмыс істейтін объектілер қала бойынша індеттің таралуына еш әсер етпейді. Бұл келушінің QR-кодын енгізгеннен кейін "қызыл" немесе "сары" мәртебе анықталған жағдайда, нысанға кіруге рұқсат етілмеуімен байланысты. Тек сәуір айында Нұр-Сұлтан қаласы бойынша "Ashyq" жобасына қатысушы объектілерден 212 үй карантинін бұзушы анықталды, оның ішінде 99 науқас және 113 байланыста болған адам бар.

14 сәуірден бастап пилоттық жобаға кинотеатрлар және қоғамдық тамақтану (банкет залдары, асхана, фаст-фуд және стрит-фудтар түріндегі нысандардан бөлек) нысандары, театрлар, филармониялар және ерікті қатысушылар қосылды. Ал 21 сәуірден бастап – облысаралық және қалалық тұрақты емес (туристік) жолаушылар тасымалы, бильярд клубтары мен концерт залдары.

Қазіргі уақытта "Ashyq" қосымшасына тіркеліп, өз кәсібін қайта жандандырғысы келетін кәсіпкерлердің саны артып келеді.

Бүгінгі күні бизнес субъектілері үшін жобаға қатысу ерікті түрде жүргізіледі.
Қаладағы эпидемиологиялық жағдай тұрақсыз болып қалуда. Осыған байланысты, Нұр-Сұлтан қаласының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті тұрғындарды барлық шектеу шаралары мен санитарлық нормаларды сақтауға шақырады. Әсіресе, инфекцияның таралуын төмендетуге және ауру қаупін азайту мақсатында үй карантиніндегі адамдар мен кәсіпкерлік субъектілерге санитарлық дәрігердің ұсыныстарын қатаң сақтау талап етіледі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу