Іздеуде жүрген Қырғызстанның бұрынғы президент Асқар Ақаев Бішкекке жеткізілді, деп хабарлайды Inbusiness.kz 24.kg сайтына сілтеме жасап.
Ведомствоаралық тергеу тобы тергеп жатқан "Құмтор" ісі бойынша Асқар Ақаевқа іздеу жарияланған еді. Бұрынғы мемлекет басшысы мен бірқатар шенеунік 1992 жылы "Құмтор" жобасы бойынша келісім жасау, 1994 жылы оған өзгерістер енгізу, сондай-ақ 2003 жылы "Камеко" компаниясымен арадағы келісімді қайта құрылымдау кезіндегі сыбайлас жемқорлық фактісі бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылды.
"Асқар Ақаевтың президенттігі кезеңінде "Құмтор" жобасын іске асыру кезінде сыбайлас жемқорлыққа қатысы бар барлық кінәлі тұлғалардың іс-әрекеттеріне құқықтық баға берілді. Сонымен қатар Мемлекеттік Ұлттық Қауіпсіздік Комитеті тергеу барысында Ақаевты республика аумағына жеткізу арқылы қылмыстық жауапкершілікке тартуға, яғни тарихи әділеттілікті қалпына келтіруге бағытталған белсенді жұмыс атқарды", – деп жазылған ведомство мәлімдемесінде.
Қазір Асқар Ақаев Мемлекеттік Ұлттық Қауіпсіздік Комитеті ғимаратында. Ол жерде бұрынғы президенттің қатысуымен "Құмтор" кен орнына қатысты қылмыстық іс бойынша тергеу шаралары жүріп жатыр.
Асқар Ақаев 1991-2005 жылдар аралығында Қырғызстан президенті болған. Халық оның отставкасын талап етіп, митингке шыққаннан кейін, ол қызметінен кетті. 2005 жылдан бері ол Ресейде тұрады. Сол уақыттан бері ол ешқашан Қырғызстанға барған емес.
Табиғат Нұрболат