Қырғызстанның бұрынғы Президенті Асқар Ақаевқа қатысты тергеу жалғасуда. Бұл туралы Мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз орталығы мәлімдеді, деп хабарлайды Inbusiness.kz 24.kg сайтына сілтеме жасап.
Ведомствоның хабарлауынша, Асқар Ақаевқа 1992 жылы "Камеко" компаниясымен келісім жасасу және 2003 жылы "Құмтөр" жобасын қайта құрылымдау бойынша жаңа айып тағылды.
"Ол қылмыс жасағанын толық мойындады және тергеуге белсенді түрде атсалысуда. Оның Қырғызстанға келуі мен кетуі тергеушінің келісуімен жүзеге асырылады", – деп жазылған ресми мәлімдемеде.
"Қылмыстық істі тергеу жалғасуда, "Құмтөр" жобасын жүзеге асыруға байланысты қылмыстардың басқа да фактілері анықталуда. Асқар Ақаевқа қатысты қылмыстық іс тоқтатылды деген ақпарат шындыққа жанаспайды", – дейді мемлекеттік комитеттегілер.
Бұған дейін Асқар Ақаевтың жақтасы Бекболот Талғарбеков бұрынғы президент Мәскеуге ұшып кеткенін және одан "Құмтөр ісі" бойынша барлық айыптар алынып тасталғанын айтқан болатын.
Еске сала кетейік, Ақаев Бішкекке 14 желтоқсанда ұшып келді. Ол тамыз айында да осы іс бойынша Қырғызстанға келген еді.
Ақаев 1991-2005 жылдар аралығында Қырғызстан президенті болды. Халық оның отставкасын талап етіп, митингке шыққаннан кейін ол қызметінен кеткен еді. 2005 жылдан бері ол Ресейде тұрады.
Табиғат Нұрболат