Бұл туралы Atameken Business FORUM алаңында экономист Асқар Қысықов мәлім етті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Қазақстан экономикасының ресми өсімі бірқатар саладағы нақты жағдайды толық көрсете алмай отыр. Үкімет жыл соңына қарай "жалпы ішкі өнімнің өсімі 5 пайызға жетеді" деп болжап отырғанымен, ішкі сұранысқа тәуелді көптеген секторда тоқырау мен құлдырау белгілері байқала бастаған.
Сарапшының сөзінше, экономиканы терең талдау оның құрылымында елеулі теңгерімсіздіктер бар екенін көрсетеді. Мұндай мәселелер оң макроэкономикалық көрсеткіштердің тасасында қалып қояды.
Мысал ретінде ол құрылыс саласын атап отыр. Экономистің бағалауынша, сектордағы өсім негізінен мемлекет қаржыландыратын инфрақұрылымдық жобалардың есебінен қамтамасыз етіледі.
– Құрылыс саласының құрылымына қарасақ, бүгінде оның негізгі қозғаушы күші – теміржолдар, метро желілері, электр беру және телекоммуникация желілерінің құрылысы. Бұл бағыттардың барлығы мемлекеттік қаржыландыруға тәуелді. Ал тұрғын және тұрғын емес ғимараттар салу көлемі айтарлықтай төмендеп жатыр, – деді Асқар Қысықов.
Оның сөзінше, өңдеуші өнеркәсіпте де ұқсас жағдай қалыптасқан. Саланың 43 пайызын металлургия құрайды. Десе де, бұл бағытта өндіріс көлемі 6,3 пайызға қысқарған. Өсім негізінен автокөлік өндірісі мен азық-түлік өнеркәсібінің есебінен қамтамасыз етілуде.
Ең күрделі ахуал халықтың тұтынушылық белсенділігіне тікелей тәуелді салаларда байқалады. Атап айтқанда, азық-түлікке жатпайтын тауарлар саудасы, тұрмыстық техника нарығы, жылжымайтын мүлік секторы, киім-кешек саудасы, сондай-ақ ойын-сауық және демалыс индустриясы қысымға ұшырап отыр.
Экономист мұны халықтың сатып алу қабілетінің төмендеуімен байланыстырады. Жоғары инфляция салдарынан өткен жылы қазақстандықтардың нақты табысы 2,3 пайызға азайған. Соның нәтижесінде азық-түлікке жатпайтын тауарлар мен қызметтерге жұмсалатын шығындардың үлесі 39 пайызға дейін төмендеген.
Нарыққа қосымша қысым тұтынушылық несиелеудің баяулауынан да туындап отыр. Реттеудің күшеюі және азаматтардың борыштық жүктемесінің артуы салдарынан мұндай несиелер беру қарқыны 7,2 пайызға төмендеген.
Асқар Қысықов жағдайға әсер етіп отырған тағы бір маңызды фактор ретінде салық реформасын атады. Оның ішінде қосылған құн салығының мөлшерлемесін көтеру және компаниялар арасындағы операцияларға салық салу тәртібінің өзгеруі бар.
Сарапшы экономикалық жағдайдың нашарлауының басты белгілерінің бірі ретінде кәсіпорындардың жаппай жабылуын көрсетті.
– Соңғы 12 айда Қазақстанда 145 мың жеке кәсіпкер жұмысын тоқтатты. Ең көп зардап шеккен салалар – сауда, көлік және түрлі қызмет көрсету бағыттары. Сонымен қатар, Ұлттық банктің сауда саласындағы іскерлік белсенділік индексі де 50 пункттік шектен төмен түсіп, сектордағы құлдырауды растап отыр, – деді ол.
Бюджет кірістерін қалыптастыруда да қиындықтар байқалып келеді. Жылдың алғашқы 4 айында корпоративтік табыс салығы бойынша республикалық және жергілікті бюджеттерде жоспарлы түсімдер орындалмаған.
Сарапшы тұтынушылардың мінез-құлқындағы өзгерістерге де назар аударды. Қазіргі уақытта Қазақстанда электронды сауданың үлесі 14 пайызға жетіп, өсуді жалғастырып келеді.
Бұл үрдіс дәстүрлі сауда-ойын-сауық орталықтарына жаңа талаптар қойып отыр. Әсіресе, шағын және орта форматтағы нысандар үшін жағдай күрделене түскен. Сарапшының болжамынша, сұранысты сақтап қалу үшін олар ойын-сауық, сервис және бизнес бағыттарын күшейтіп, жаңа жұмыс форматтарына көшуге мәжбүр болады.
Өзгерістер бизнестің басқа түрлерінде де байқалады. Мәселен, қазіргі заманғы жанармай құю станциялары бұрынғыдай тек отын сатумен шектелмейді. Олардың табысының едәуір бөлігі кофе, наубайхана өнімдері мен ілеспе тауарлардан түседі. Мысал ретінде сарапшы Qazaq Oil компаниясын атады. Компания дәстүрлі қызметімен қатар жол бойындағы инфрақұрылымды және ішкі туризмге арналған жаңа форматтағы қонақүйлер желісін дамытуға кіріскен.
Асқар Қысықов іскерлік белсенділіктің әлсіреуінің негізгі дәлелі ретінде Halyk Business Index зерттеуінің нәтижелерін келтірді. Зерттеу шағын, орта және ірі бизнеске жататын шамамен 20 мың компанияның ауқымды транзакциялық деректеріне негізделген.
Өткен жылы аталған кәсіпорындардың жалпы транзакция көлемі 90 трлн теңгені құраған. Бұл Қазақстанның 150 трлн теңгелік жалпы ішкі өнімінің елеулі бөлігін қамтиды.
– Біз жыл басынан бері транзакциялар көлемі бойынша іскерлік белсенділіктің күрт төмендеп, нөлдік деңгейге жақындағанын тіркедік. Қазір индекс сол нөлдік межеде тұр. Бұл номиналды индекс екенін ескерсек, оны инфляция деңгейімен салыстырғанда нақты экономикалық белсенділіктің төмендегенін көреміз, – деді экономист.
Зерттеу нәтижесіне сәйкес, компаниялардың кірісі өткен жылғы деңгейде қалған. Шығындар небәрі 1 пайызға артқанымен, еңбекақы қоры 12,8 пайызға өскен.
Halyk Business Index деректеріне сүйенсек, қазіргі экономикалық жағдай ең алдымен орта бизнеске ауыр соғып отыр. Себебі, бұл сегмент салықтық өзгерістерге де, халықтың сатып алу қабілетінің төмендеуіне де қатысты.