Асқар Мамин Арысты қалпына келтіруді тамызға дейін аяқтауды тапсырды

809

Алматы, Ақтөбе, Атырау, Шығыс Қазақстан облысы әкімдері мен Шымкент әкімі ҚР премьер-министрді бөлінген секторлардағы құрылыс жұмыстарының қарқыны туралы ақпараттандырды.

 Асқар Мамин Арысты қалпына келтіруді тамызға дейін аяқтауды тапсырды Фото: primeminister.kz

ҚР премьер-министрі Асқар Мамин Арыс қаласындағы қалпына келтіру жұмыстарының барысын тексерді, деп хабарлайды primeminister.kz.

ҚР үкіметінің басшысы өңірлік штабтар жұмысын тексеріп, «Көктем-1», «Көктем-2» ықшам аудандарындағы тұрғын үйлердің, мектеп, балабақша, темір жол вокзалы ғимараттарының, қалалық аурухананың қалпына келтірілу қарқынын көрді. Сонымен қатар ХҚКО-ға барды. Түркістан облысының штабында Асқар Маминге Арыс қаласының тұрғындарына 100 мың теңгеден өтемақы төлеу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндалды. 

Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев қала тұрғындарына әлеуметтік көмек көрсету аясында 650 аз қамтылған және көп балалы отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалып, төлем жүргізілгенін хабарлады. 

Өз кезегінде Алматы, Ақтөбе, Атырау, Шығыс Қазақстан облысы мен Шымкент әкімі бөлінген секторлардағы құрылыс жұмыстарының қарқыны туралы ақпараттандырды.

Бүгінде 676 тұрғын үйге жөндеу жұмыстары аяқталған. Қазіргі кезде барлық секторлар жұмыстармен қамылған, 3 040 жеке тұрғын үй құрылысы мен көпқабатты тұрғын үйлер нысандарында қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде, 190 құрылыс компаниясы, 5 мыңға жуық құрылысшылар мен 207 арнайы техника жұмылдырылған. Әлеуметтік инфрақұрылым бойынша  жұмыстар 66 денсаулық сақтау, білім беру, спорт нысандарында жүргізіліп жатыр. 

 «Арыс қаласын қалпына келтіру бойынша барлық негізгі жұмыстар 1 тамызға дейін аяқталуға тиіс», – деді Асқар Мамин. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу