Асқар Мамин әскери қалашықтағы 58 отбасының мәселесін қарауды тапсырды

940

ҚР премьер-министрі Асқар Мамин Түркістан облысына жұмыс сапарымен барып, тиісті министрліктер мен ведомстволарға бірқатар нақты тапсырма жүктеді.

Асқар Мамин әскери қалашықтағы 58 отбасының мәселесін қарауды тапсырды

ҚР премьер-министрі Асқар Мамин Түркістан облысына жұмыс сапары барысында кеңес өткізіп, құрылысқа жауаптылар премьер-министрі алдында есеп берді. Кеңесті қорытындылай келе, ҚР премьер-министрі жалпы қаладағы негізгі құрылыс жұмыстары аяқталғанын атап өтіп, тиісті министрліктер мен ведомстволарға бірқатар нақты тапсырма жүктеді, деп хабарлайды primeminister.kz.

Қазіргі таңда зардап шеккен 7516 бір қабатты жеке үйлердің 6611-і немесе 90% жөндеуден өткізілді. Қалған 905 бір қабатты жеке үйлерді жөндеу жұмыстарын 10 тамызға дейін аяқтау қажет. 67 көп қабатты үйлерді қалпына келтіру бойынша жұмыстарды 20 тамызға дейін аяқтау керек. Барлық 66 әлеуметтік нысанды қалпына келтіру жұмыстарын 20 тамызға дейін бітіру қажет. Осыған орай, штабтардың жұмысы 20 тамызға дейін жалғасады.

Өңірлер бекітіліген секторларындағы нысандарды қалпына келтіру жұмыстарын аталған мерзім ішінде толығымен аяқтауды қамтамасыз етуге тиіс.

Әсіресе, Нұр-Сұлтан қаласы және Алматы облысы бекітілген секторларында жұмыс қарқынын күшейтіп, құрылыс барысын қатаң бақылауға алуы қажет.

Түркістан облысының әкімі еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен бірлесіп, Арыс қаласының және қала маңындағы елдімекен тұрғындарына бір реттік өтемақы төлеу жұмыстарын толығымен аяқтауға тиіс.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі "Атамекен" Ұлттық кәсіпкерлік палатасымен бірлесіп, қаланың барлық коммерциялық нысандарын қалпына келтіру жұмыстарын аяқтауы керек.

Қорғаныс министрлігі бекітілген Жол картасы бойынша қоймалардағы қару-жарақтарды шығаруды жүйелі түрде қамтамасыз етіп, Түркістан облысының әкімдігімен бірлесіп әскери қалашықтағы әскерге қатысы жоқ 58 отбасының мәселесін пысықтауға тиіс.

Асқар Мамин Арыс қаласының тұрақты тыныс-тіршілігін қамтамасыз ету үшін барлық күш-жігерді жұмылдырудың қажеттігін айтып, "Үкімет Елбасы мен Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Арыс қаласының одан әрі даму мәселелерін бақылауда ұстайтынын" атап өтті.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу