Татарстанда Асқар Мамин РФ үкіметінің төрағасы Дмитрий Медведевпен кездесті. Екі елдің премьер-министрлері Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Ресей Президенті Владимир Путин негізін салып, дамытқан стратегиялық әріптестік пен одақтастықтың жоғары деңгейін атап өтті, деп хабарлайды primeminister.kz.
Тараптар биыл сәуір айында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ресейге ресми сапары аясында қол жеткізілген келісімдерді іске асыру барысын талқылады.
Үкіметаралық келіcсөздер сауда-экономикалық, инвестициялық ынтымақтастықты, өнеркәсіптік кооперацияны одан әрі арттыруға, энергетика, ауыл шаруашылығы, көлік салаларындағы өзара іс-қимыл мәселелеріне арналды. Кездесуде сонымен қатар шекара маңы және интеграциялық ынтымақтастықтың өзекті мәселелері қаралды.
"Жеткізілетін тауарлар мен қызметтердің номенклатурасын кеңейту, біздің бизнес-қауымдастықтар арасында тікелей байланыс орнату, сондай-ақ, үшінші елдер нарықтарына тауарларды ілгерілету бойынша бірлескен жұмыстарды жалғастыру қажет", – деп Асқар Мамин, ресейлік нарыққа 60-тан астам позиция бойынша қазақстандық тауарларды жеткізудің жоғары әлеуетін атап өтті.
Жұмыс сапары аясында Қазақстан премьер-министрі Асқар Мамин Ресей Үкіметінің басшысы Дмитрий Медведевпен бірге "WORLDSKILLS KAZAN 2019" чемпионатының ашылу салтанатына қатысты. Чемпионат қарсаңында Асқар Мамин WorldSkills стандарттары бойынша кәсіби шеберліктен Қазақстанның ұлттық құрамасымен кездесіп, оларға жарыстарда сәттілік тіледі.