Асқар Мамин ЕО-ға мүше мемлекеттердің дипломатиялық миссиялары басшыларымен кездесті

1343

 2005 жылдан бастап 2019 жылдың бірінші жарты жылдығына дейін ЕО шамамен $150 млрд инвестиция салды. 

Асқар Мамин ЕО-ға мүше мемлекеттердің дипломатиялық миссиялары басшыларымен кездесті Фото: primeminister.kz

ҚР премьер-министрі Асқар Мамин инвестициялық ынтымақтастықты одан әрі дамыту жөніндегі Диалог алаңы аясында Қазақстанда тіркелген Еуропалық Одаққа мүше мемлекеттердің дипломатиялық миссияларының басшыларымен кезекті кездесуін өткізді, деп хабарлайды primeminister.kz.

Тараптар сауда-экономикалық және инвестициялық өзара іс-қимылдың өзекті мәселелері бойынша бірінші кездесуден кейін үш ай ішінде атқарылған жұмыстардың нәтижелерін, соның ішінде қазақстандық өнімдердің ЕО-ға экспортын ілгерілету, ауыл шаруашылығы, энергетика, көлік, кеден, қоршаған орта және климаттың өзгеруі салаларындағы ынтымақтастық мәселелерін, ҚР-дағы инвестициялық ахуалды жетілдіру жөніндегі заңнамалық шараларды, сондай-ақ осы жылдың 30 қыркүйегінде өткен сауда конфигурациясындағы "Қазақстан – ЕО" ынтымақтастық комитетінің 3-отырысының нәтижелерін талқылады.

Қазақстанға салынған тікелей шетелдік инвестициялардың жартысынан көбі Еуропалық Одақ елдеріне тиесілі. 2005 жылдан бастап 2019 жылдың бірінші жарты жылдығына дейін ЕО шамамен $150 млрд инвестиция салды. ЕО сонымен бірге Қазақстан Республикасының ең ірі сауда серіктесі болып табылады – 2019 жылдың шілдесіндегі жағдай бойынша тауарлар мен қызметтердің екіжақты айналымы шамамен $20 млрд жетті.

Премьер-министр тікелей шетелдік инвестициялар мен сауда көлемінің өсуін қамтамасыз ету Қазақстан Үкіметінің жұмысының басымдықты бағыттарының бірі екенін атап айтты. Асқар Мамин Еуропалық Одақ елшілерін Қазақстанның ЕО-мен экономикалық ынтымақтастығына ықпалдасу бойынша бұдан әрі ашық әрі белсенді диалогқа шақырды. 

Өз кезегінде дипломатиялық миссиялардың басшылары Қазақстанда бизнесті жүргізу үшін қолайлы жағдайлар тудыру бойынша жұмыстардың оң динамикасын атап өтті.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу