ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Асқар Мамин Мәскеуде РФ Үкіметі Төрағасының орынбасары Дмитрий Рогозинмен кездесу өткізді, деп хабарлайды primeminister.kz.
Тараптар қорғаныс өнеркәсібі кешені мен аэроғарыш саласындағы бірлескен жобаларды іске асыру мәселелерін талқылады.
ҚР қорғаныс өнеркәсібі кешені кәсіпорындарының РФ кәсіпорындарымен әскери техника жеткізу, ҚР қорғаныс өнеркәсібі кешені кәсіпорындарының базасында өңірлік сервис орталықтарын құрудағы ынтымақтастық мәселелері өзекті.
Кездесу барысында қорғаныс өнеркәсібі кешені саласында Бірлескен Ғылым мен технологиялар комитетін құру мәселесі талқыланды.
Тараптар ҚР мен РФ арасындағы ынтымақтастық бағыттарындағы Тұжырымдамада қарастырылған іске асыру тетіктері бойынша шешімдер қабылдады.
Асқар Мамин мен Дмитрий Рогозин 2016-2025 жылдарға арналған "Бәйтерек" жобасын іске асырудың Жол картасын орындау мәселелеріне қатысты пікір алмасты. Оның аясында Байқоңыр ғарыш айлағындағы жерүсті ғарыш инфрақұрылымын жаңғырту жоспарланған.
Байқоңыр қаласын дамытудың ортақ ұзақмерзімді бағдарламасын әзірлеу мәселелері талқыланды. "Байқоңыр" кешенінің бірегейлігін ескере отырып, Астанада өтетін халықаралық ЭКСПО-2017 көрмесін өткізу кезінде ғарыш айлағына туристік бағдарды ұйымдастырудың маңыздылығы туралы айтылды.
Келіссөз қорытындысы бойынша тараптар биыл сәуір айында Қызылорда қаласында "Байқоңыр" кешені бойынша үкіметаралық комиссияның бесінші отырысын өткізуге келісті.