ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин ШҚО-да көктемгі егіс жұмысының барысы мен өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуын тексерді, деп хабарлайды primeminister.kz.
ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин жұмыс сапары аясында Шығыс Қазақстан облысының көктемгі егіс жұмыстары мен энергетика, өнеркәсіп, тұрғын үй және әлеуметтік инфрақұрылым салаларындағы ірі жобаларды іске асыру барысын тексерді.
Алтай ауданында Үкімет басшысы "Нивы Алтая" ЖШС егіс алқаптарының құрылымымен және көктемгі дала жұмыстарының барысымен, Тұрғысын СЭС құрылысымен, сондай-ақ Алтай қаласының ауданаралық ауруханасының инсульттік және кардио орталықтарының қызметімен танысты.
Өскемен қаласында Премьер-Министр ҚР-ның ірі машина жасау және металлургия кәсіпорындарына – Өскемен өнеркәсіптік арматура зауыты мен Өскемен титан-магний комбинатына барып, оларды одан әрі дамыту жоспарларымен танысты.
Үкімет басшысы Өскемен қаласының жаңа шағын ауданындағы "Нұрлы жер" мемлекеттік бағдарламасы аясында салынып жатқан әлеуметтік тұрғын үй құрылысын тексерді. Мұнда жалпы ауданы 400 мың шаршы метрге жуық 48 үй салу жоспарланған.
Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік-техникалық университетіне барған кезде Үкімет басшысына ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық, оның ішінде импортты алмастыруға бағытталған әзірлемелер ұсынылды.