ҚР премьер-министрі Асқар Мамин Ташкент қаласына сапары аясында Шанхай Ынтымақтастық Ұйымына (ШЫҰ) мүше мемлекеттердің Үкіметтер басшылары кеңесінің (ҮБК) 18-ші отырысына қатысты, деп хабарлайды primeminister.kz.
Асқар Мамин Ұйымға қатысушы елдердің сауда-экономикалық, цифрлық, көлік және басқа да салалардағы нақты ынтымақтастығын нығайту бойынша бірқатар бастама көтерді:
- ШЫҰ банкін және ШЫҰ дамыту қорын құру бойынша жұмыстарды жандандыруды;
- Ұйымға мүше мемлекеттердің өзара есептесулерінде ұлттық валюта үлесін арттыру жөніндегі "Жол картасын" бірлесіп әзірлеуді;
- ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің қаржы министрлері мен орталық банктерінің басшыларының кездесулерін қайта жаңғыртуды;
- Бақылаушы мемлекеттердің ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің теміржол саласындағы өзара іс-қимылы тетіктеріне қатысуын кеңейтуді;
- Жүктерді автомобильмен тасымалдау үшін рұқсат бланктерін берудің автоматтандырылған жүйесін енгізуді жеделдетуді;
- ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің бірлескен Автомобиль жолдарын дамыту бағдарламасын бекітуді;
- ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің көпжақты сауда-экономикалық ынтымақтастығы бағдарламасын жүзеге асыру жұмыстарына кәсіпкерлердің ұлттық палаталарын тартуды;
- ШЫҰ Хатшылығының халықаралық қаржы мекемелерімен байланыстарында ілгерілету үшін ШЫҰ инвестициялық жобаларының Бірыңғай тізімін әзірлеуді:
- ШЫҰ, ЕАЭО, АСЕАН және ЕО арасындағы көпжақты диалог форматында сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамытуды;
- ШЫҰ-ға қатысушы мемлекеттерді АХҚО алаңын жаңа қаржы өнімдері мен технологияларын тестілеу үшін пайдалануды;
- Цифрлық экономиканы дамыту жөніндегі кеңес құруды ұсынды.
ШЫҰ ҮБК шағын және кеңейтілген құрамдағы отырыстарының қорытындылары бойынша 14 құжат қабылданды, оның ішінде бірлескен коммюнике, Көпжақты сауда-экономикалық ынтымастастық бағдарламасының жаңа редакциясы, ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің теміржол көлігі саласындағы теміржолда әкімшілендірудегі Өзара іс-қимыл тұжырымдамасы, ШЫҰ Экономикалық сараптау орталықтары консорциумының регламенті, ШЫҰ Қалаларының экологиялық қолайлылығын дамыту бағдарламасы және т.б. бар.