ҚР премьер-министрі Асқар Мамин жұмыс сапары барысында Қызылорда облысының Байқоңыр қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуымен, сондай-ақ ғарыш саласындағы бірлескен қазақстандық-ресейлік жобалардың іске асырылу жағдайымен және перспективаларымен танысты, деп хабарлайды primeminister.kz.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Байқоңыр қаласын дамыту жөніндегі тапсырмаларының орындалуын бақылау аясында Асқар Мамин "Нұрлы жер" бағдарламасы бойынша салынған бес 50 пәтерлі үйлердің алаңына барды.
Премьер-министрге қаланы газдандыру және сумен қамту, қонақ үй кешендерін салу және реконструкциялау, Байқоңыр қаласында "Байқоңыр" АЭА құру бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндалды.
"Союз МС-15" пилотталатын кораблін ұшыруды бірлесіп бақылаған соң үкімет басшысы ғарыш қызметі жөніндегі "Роскосмос" мемлекеттік корпорациясының бас директоры Д. Рогозинмен "Назарбаев старты" ғарыш зымыраны кешенін құрудың қазақстандық-ресейлік жобасын іске асырудың өзекті мәселелерін талқылады.
2019 жылы 7 қыркүйекте Мәскеу қаласында ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н. Назарбаев пен РФ Президенті В. Путиннің кездесуі барысында ресейлік тарап "Бәйтерек" жобасын "Назарбаев старты" деп қайта атауды, сондай-ақ, оны тиімді іске асыру үшін "Союз-5" және "Союз-6" зымыран тасығыштарын ұшыру үшін бірегей стартты, сондай-ақ пилоттау бағдарламасын алып тастауды қарастыратын жаңа жағдайларды қарастыруды ұсынған еді.