Бүгін премьер-министрдің орынбасары – ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов бастаған Қазақстан делегациясы жұмыс сапарымен Қытай Халық Республикасының Бейжің қаласына келді, деп хабарлайды министрліктің баспасөз қызметі.
Алдағы уақытта ҚХР Сапаны қадағалау, инспекция және карантин жөніндегі бас басқармасы, ҚХР Ауыл шаруашылығы министрлігі, ҚХР Коммерция министрлігі, ҚХР Халықаралық сауда-саттыққа атсалысу комитеті басшылығы және бизнес қауымдастығы өкілдерімен бірқатар маңызды кездесу өткізу жоспарланған.
Делегация құрамында ауыл шаруашылығы министрлігі мен өңірлердің салалық басқармаларының басшылары, "ҚазАгро" холдингі мен еншілес ұйымдары, Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы өкілдері және ауыл шаруашылығы қауымдастықтарының жетекшілері мен жеке кәсіпкерлер бар.
Сапардың басты мақсаты – мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың "Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік" атты халыққа жолдауындағы АӨК-ке шетелден инвестиция тарту мен ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты жөнінде берген тапсырмаларын жүзеге асыру және екі жақты тиімді келісімдерге қол жеткізу.