Асқар Жұмағалиев:1414 зімбір бағасының неліктен қымбаттағанын білмейді

1430

1414 бірыңғай байланыс орталығына тек мемлекеттік қызмет көрсету және ЭЦҚ мәселелері бойынша қоңырау шалуға болады.

Асқар Жұмағалиев:1414 зімбір бағасының неліктен қымбаттағанын білмейді

ХҚКО-лар уақытша жабылғалы бері 1414 сall-орталығына қоңыраушалушылар саны бірнеше есеге артты. Кей күндері орталыққа жарты миллионға жуық қоңырау келіп түседі.

ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев қазақстандықтарды 1414 бірыңғай байланыс орталығына тек мемлекеттік қызмет көрсету және ЭЦҚ мәселелері бойынша қоңырау шалуға шақырды. Министр Facebook-тегі парақшасында 1414 call-орталығының операторлары азаматтарға жоғарыда аталған мәселелер бойынша ғана кеңес беретінін еске салды.

"Сіздерден 1414 кол-орталығына тек мемлекеттік қызметтерді және ЭЦҚ алу мәселелері бойынша қоңырау шалуыңызды сұраймын. Өйткені, "Көрші үйде инфекция жұқтырғандармен байланыста болғандар бар ма?" "Маған көшеге шығуға бола ма?" "Зімбір бағасы неге қымбаттап кетті?" деген сұрақтар операторлардың ойын бөліп, кезек күткен азаматтардың уақытын алады" – деп жазды Асқар Жұмағалиев.

ХҚКО-лар уақытша жабылғалы бері 1414 сall-орталығына қоңыраушалушылар саны бірнеше есеге артты. Кей күндері орталыққа жарты миллионға жуық қоңырау келіп түседі. Бұндай кезде қоңырауға жедел жауап беру мүмкін емес. Әрине, байланыс орталығының мүмкіндігін арттырып, бір мезгілде 1000 азаматқа кеңес беру мүмкіндігін ұйымдастыру үшін ХҚКО-ның 1800 қызметкері орталық жұмысына тартылды.

Осы уақыт аралығында азаматтар "Электрондық үкімет" порталынан eGovmobile қосымшасы, eGovKzBot2.0 телеграм-бот және Facebook пен ВКонтакте әлеуметтік желілеріндегі боттар арқылы 754 мыңнан астам мемлекеттік қызметті онлайн алған. Және бұл үдерісті мамандар үнемі бақылап, назарда ұстап отыр.

"Менің әріптестерім eGov-тағы барлық сервистердің тұрақты жұмыс істеуін бақылауында ұстайды және сіздердің пікірлеріңіз бен ұсыныстарыңызды да назардан тыс қалдырмайды. Сонымен қатар әзірлеушілер жаңа тапсырмаларды жүзеге асырумен айналысуда. Өткен түнде тағы бірнеше қызмет іске қосылды, соның ішінде ТЖ кезінде жәрдемақы алуға өтінім беру қызметі бар" – деп атап өтті министр.

ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі ТЖ режимі және коронавирус пандемиясымен күрес кезінде ХҚКО қызметкерлерінің, call-орталық операторларының, сондай-ақ ақпарат жүйесін әзірлеушілер мен айтишниктердің жұмысының маңыздылығына тоқталып, күн сайын азаматтарға кеңес беріп, олардың он мыңдаған мемлекеттік қызметті онлайн алуына көмектесіп жатқан барлық қызметкерге алғысын білдірді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу