Еңбек министрі отбасы институтын қолдау шаралары туралы айтты

233

Биыл балалы отбасыларға арналған жәрдемақылар 10 пайызға ұлғайтылды.  

Еңбек министрі отбасы институтын қолдау шаралары туралы айтты Фото: gov.kz

Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев Халықаралық отбасы күніне орай өткен "Отбасы институты: диалог, серіктестік, даму" форумына қатысты. Форум барысында министр отбасы институтын нығайту және әлеуметтік қолдау шаралары туралы баяндады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Министрдің айтуынша, отбасы – қоғамның тұрақты дамуына негіз болатын басты әлеуметтік институттардың бірі.

"Бүгінде мемлекеттік отбасы саясаты қазақстандық қоғамның негізі саналатын отбасы институтын қолдауға, нығайтуға және қорғауға бағытталған қағидаттар, міндеттер мен басым шаралардың біртұтас жүйесі ретінде қарастырылады", – деді Асқарбек Ертаев.

Оның сөзінше, 2026 жылдың басынан бері балалы отбасыларға төленетін мемлекеттік жәрдемақылар көлемі 10 пайызға артқан. Бұл мақсаттарға биыл 1,7 трлн теңге бөлінген. Қазіргі уақытта әлеуметтік қолдау шараларымен 1,8 миллионнан астам азамат қамтылған.

Форумда көпбалалы отбасыларды қолдау, әлеуметтік саланы цифрландыру және Отбасының цифрлық картасы жүйесін дамыту мәселелері де талқыланды. Министр бұл жүйе азаматтардың қажеттіліктерін алдын ала анықтап, мемлекеттік қолдау шараларын проактивті форматта ұсынуға мүмкіндік беретінін айтты.

Сонымен қатар Отбасын қолдау орталықтарының жұмысына ерекше назар аударылды. Қазіргі таңда елімізде осындай 158 орталық жұмыс істейді. Биыл олардың қызметіне шамамен 25 мың адам жүгінген.

Форумға мемлекеттік органдардың, халықаралық ұйымдардың өкілдері мен сарапшылар қатысты.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу