Отардағы әскери бөлімде соққы салдарынан жақ сүйегі сынған сарбаздың денсаулығы біртіндеп қалпына келіп жатыр, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Дәрігердің айтуынша, науқас қазіргі таңда оңалту кезеңінен өтуде. Ол дәрумендер қабылдап, физиотерапиялық ем мен емдік дене шынықтыруға (ЛФК) тартылған. Соңғы медициналық тексеру барысында сарбаздың аузы 3 сантиметрге дейін ашылатыны анықталған, бұл жағдайының жақсарып келе жатқанын көрсетеді. Алдағы уақытта гипербариялық оксигенация сеанстарын өткізу жоспарланған. Одан кейін оңалту шаралары аяқталып, әскери-медициналық комиссия тағайындалады.
Сонымен қатар, Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі сарбаздың өзімен де сөйлесіп, бейнежазба жариялаған. Онда ол өзін жақсы сезінетінін және көрсетіліп жатқан медициналық көмектің жеткілікті екенін айтқан.
– Госпитальға келген соң толық тексеруден өттім. Жұмсақ резеңке қойып, екпелер салды, көк тамырға инъекция жасалды. Қазір физиологиялық ем қабылдап жүрмін. Ауызымды ашып сөйлей аламын, тамақты да еркін ішіп жүрмін, – дейді сарбаз.