Әскерде жүріп басынан ауыр жарақат алған Ербаян Мұхтар Ыстамбұлда емінің алғашқы кезеңін аяқтап, Астанаға оралды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Заңгердің сөзінше, Ербаян енді 2-3 ай елде болып, ағзасын толық қалпына келтіргеннен кейін көктемде Түркияға қайта оралып, емінің екінші кезеңін бастамақ.
Ол Астанада нейрохирург профессор Гёкхан Акдемирдің бақылауында болады деп күтіліп отыр. Бір айдан кейін дәрігер өзі Қазақстанға келіп, Ербаянның жағдайын тексереді.
"Ербаянның Ыстамбұлдағы емін ұйымдастырып, барынша қолдау көрсеткен Динара мен Реджеп есімді азаматтарға да алғыс айтылған. Сонымен қатар, оның ата-анасы емнің алғашқы кезеңіне кеткен қаражат бойынша жақын арада есеп береді", – деп жазды ол.
Еске сала кетейік, Ербаян әскерге өз еркімен барып, бірнеше айдан кейін Алматыдағы 5571 әскери бөлімінде бас сүйек-ми жарақатын алған болатын.