23 ақпанда Threads әлеуметтік желісінде белгісіз аккаунт арқылы бір желі қолданушысы әскерде жүргенінде жыныстық зорлық-зомбылыққа ұшырағанын және қазіргі уақытта қудалаудан қорқатынын мәлімдеген, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Пост авторының сөзінше, командирі оны қорқытып, жыныстық сипаттағы әрекеттерге мәжбүрлеген. Жазбада желі қолданушыларының назарын аударатындай егжей-тегжейлі мәліметтер келтірілген. Оқиғаның "қорқынышты" тұстарын баяндай отырып, ол өзіне қаржылай көмек сұраған, қауіп барын алға тартып, шетелге кету қажеттігін жеткізген. Жарияланымда банк реквизиттері қоса көрсетілген.
Жиналған қаражатты шетелге шығу үшін жұмсайтынын мәлімдеген. Сонымен қатар ол осы жағдайдан кейін депрессияға түскенін және бұрынғыдай қызымен қарым-қатынасын жалғастыра алмайтынын жазған. Алайда шотты тексеру үшін полицияға жүгінген бір желі қолданушысының қырағылығының арқасында жазба авторының жалған әрекеттері әшкереленді.
Жедел қызметкерлерге тек реквизиттер ғана емес, оқиғаның өзі де күмәнді көрінген. Барлық күдік есепшот иесі – 17 жастағы жасөспірім екені анықталғаннан кейін расталды.
Оның айтуынша, хостелде танысқан бұрынғы танысы оған қарызын аудару үшін реквизиттерін сұраған. Сондай-ақ өз есепшоттары бұғатталғанын айтып, басқа аударымдарды қабылдауын өтінген. Бұл заңсыз әрекетке сенген жасөспірім жеке деректерін беруге келіскен. Екі күннің ішінде оның есепшотына 100-ден астам аударым түскен. Жүргізілген жедел-іздестіру шаралары барысында пост авторы ұсталды.
– Жарияланған ақпарат шындыққа сәйкес келмейді. Сонымен қатар оның әскери қызметке еш қатысы жоқ екендігі және әскерде ешқашан болмағаны белгілі болды. Өзінің осы әрекетімен ол әскери қызметтің беделіне нұқсан келтірді, – дейді тәртіп сақшылары.
23 жастағы күдіктінің айтуынша, жалған ақпаратты ол ақша жинау мақсатында жариялаған.
– Көрінеу жалған ақпаратты тарату және алаяқтық фактілері бойынша қылмыстық істер қозғалды. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде, күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Сот санкциясымен ол қамауға алынды. Осындай айласы үшін жігітке бірнеше жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылады, – дейді ІІМ хабарламасында.
Полиция азаматтарға жалған ақпарат таратқаны үшін жауапкершілік барын еске салып, тек ресми дереккөздерге ғана сенуге шақырады.
– Кейде мұндай оқиғалардың артында жай ғана есеп жатуы мүмкін. Әрдайым тексерген абзал. Бейтаныс адамдарға ақша аудармаңыздар! – деп ескертті полицейлер.