Павлодар облысының тұрғыны әскерге шақыру туралы шешіммен келіспей, жеке емхананың анықтамасына сүйене отырып, азаматтық борышын өтеуге денсаулығы жарамайтынын сотта дәлелдемек болды. Алайда оның диагнозы расталған жоқ, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Павлодар облыстық мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының мәліметінше, жас азамат жеке емханадан алынған анықтамасын ұсынған. Сол анықтамада оның қысымы жоғары әрі жүрек сырқатына шалдыққаны жазылған.
Өтініш берушінің денсаулығын тағы бір мәрте тексеру үшін ол талдамалар тапсырып, тексерістен өтуге жіберілді. Ал оның қорытындылары бұған дейінгі диагнозбен сай келмей шықты.
Белгілі болғандай, жеке емдеу мекемесінің кардиолог дәрігері тұрғынды тексерместен, оған екінші деңгейдегі артериалдық гипертензия мен қос жармалы қақпақшаның түсіп кетуі диагнозын белгілеп, диспансерлік есепке қойған. Нәтижесінде арыз беруші сотта жеңіліс тапты. Ал дәрігер тәртіптік жауапқа тартылды.