Таразда жас жігітті көлікке күштеп отырғызып, оны әскери комиссариатқа әкеткен сәт видеоға түсіп қалды. Жамбыл облысының әскерге шақыру комиссиясы бұл оқиғаға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Видео желі қолданушылары арасында үлкен пікірталас туғызды. Бірі "азаматтық борышты абыроймен атқару – әр жігіттің парызы" десе, екіншілері қалалық Қорғаныс істері жөніндегі басқарма қызметкерлерінің әрекетін сынға алды. Бейресми ақпаратқа сүйенсек, оқиға қаладағы "Парасат" колледжіндегі емтиханнан кейін болған.
Жамбыл облысының әскерге шақыру комиссиясы оқиғаға қатысты түсінік берді. Ресми ақпаратқа сәйкес, Тараз қаласында жүргізілген рейдтік іс-шаралар барысында 2006 жылы туған Н. есімді азаматтың мерзімді әскери қызметке шақырылуға жататыны анықталды.
"Мобильді топ қызметкерлері оған әскери есеп деректерін нақтылау үшін Қорғаныс істері жөніндегі басқарманың жинақтау пунктіне бару қажеттігін түсіндірді. Алайда азамат бұл талапты орындаудан бас тартуына байланысты жинақтау пунктіне мәжбүрлі түрде жеткізілді. Жинақтау пунктінде шақыру комиссиясының мүшелері оған Қазақстан Республикасы заңнамасының мерзімді әскери қызметке шақыру және оны өткеру тәртібін реттейтін талаптарын түсіндірді. Осыдан кейін азамат Н. мерзімді әскери қызметті өткеруге дайын екенін білдірді. Бұл шешімді жағдаймен танысу үшін жинақтау пунктіне келген анасы да қолдады. Қазіргі уақытта азамат Н. медициналық куәландырудан өтуде және мерзімді әскери қызметін өтеу үшін Ұлттық ұланның әскери бөлімдерінің біріне жіберілуге дайындалып жатыр. Оның шақыру комиссиясы мүшелеріне қатысты ешқандай шағымы жоқ", – делінген хабарламада.
Әскери полиция жас жігітке мәжбүрлеу сипатындағы шараларды қолдану фактісі бойынша Қорғаныс істері жөніндегі басқарма қызметкерлерінің әрекеттеріне құқықтық баға беру үшін тексеру жүргізіп жатқаны айтылды.
"Шақыру науқаны қолданыстағы заңнаманың талаптарына сәйкес жүргізіледі. Жергілікті әскери басқару органдары қызметкерлерінің барлық әрекеттері шақыру іс-шараларын орындауға, сондай-ақ Қарулы Күштер мен басқа да әскери құралымдарды жасақтауды қамтамасыз етуге бағытталған.
Азаматтар мен БАҚ өкілдерін таратылып жатқан ақпаратқа объективті баға беруге және оқиғаның барлық мән-жайын толық ашып көрсетпейтін жекелеген бейнематериалдар негізінде қорытынды жасамауға шақырамыз", – деп хабарлады облыстық әскерге шақыру комиссиясы.