Әскерге барған университет түлектерін грантты 3 жыл бойы өтеуден босату ұсынылды

865

Қазір мемлекет есебінен оқығандардың барлығына оны өтеу талабы қойылған.

Әскерге барған университет түлектерін грантты 3 жыл бойы өтеуден босату ұсынылды

Кеше Қорғаныс министрі мен Білім және ғылым министрі мектептерде әскери-патриоттық тәрбие беру, еліміздің әскери жоғары оқу орындарында кадрларды даярлау және әскери қызметтің тартымдылығын арттыру мәселелерін талқылады. Бұл туралы Асхат Аймағамбетов хабарлады.

Қос министрдің кездесуіне мемлекет басшысының әскери-патриоттық тәрбие беру жұмысын арттыру туралы тапсырмасы себеп болыпты.

"Еліміздің әскери қауіпсіздігін қамтамасыз ету, отансүйгіштікке тәрбиелеу, жастарды алғашқы әскери даярлықтан өткізу және офицерлер даярлау – ол ортақ міндет. Ал осы бағытта біздің министрлік өте маңызды рөл атқарады",- дей келе, Асхат Аймағамбетов өз ведомствосы тарапынан бірқатар ұсыныс жасады.

1. Мерзімді әскери қызметті өткерудің тартымдылығын арттыру үшін біз әскери борышын өтеген университет және "Кадет" сыныбын бітірген түлектер грант алу үшін 5% квота бөлу. Бұл жыл сайын 3 000-нан астам грант.
2. Университет түлектері әскери қызметтен өткен жағдайда грантты 3 жыл бойы өтеу мерзімінен босату. Қазір мемлекет есебінен оқығандардың барлығына оны өтеу талабы қойылған.
"Бұл оқуға түсушілерді ынталандырып, әскери қызметке деген қызығушылықты арттырады деп ойлаймын",- деген үмітте министр.
3. Министрлік әскери қызметте немесе бітімгершілік және басқа да арнайы операцияларға қатысып, қаза тапқан әскери қызметшілердің балаларына университеттерде оқуға гранттар беру туралы норманы енгізуді ұсынды.
4. Мерзімді әскери қызметін өтеп жүргендер үшін жаппай онлайн курстар ашу

"Біз сондай-ақ сарбаздардың оқу нәтижелерін қайта тексеруге және қысқа мерзімді курстардан өтіп, біліктілік емтиханын тапсырып, оларға жұмысшы мамандығын алғаны туралы диплом беруге дайынбыз",- дейді Аймағамбетов.

5. Кейбір әскери бөлімдерде колледждер ашу

6. Университеттердегі әскери кафедраларды оңтайландырып, қайта қарау. Бұл ұсынысқа қатысты министр: "Бізді олардың жұмысының сапасы мен сыбайлас жемқорлық тәуекелдері алаңдатады. Студенттерге нашар білім беріп, сапаны көтеруді ойламайтын әскери кафедраларды жабу қажет деп санаймыз. Сондай-ақ әскери кафедралардың барлық қызметкерін қайта аттестациядан өткізу керек. Оқуға қабылдаудың нақты, ашық және шынайы ережелерін қабылдаған дұрыс. Сонымен бірге мемлекеттік тапсырыстың құнын арттыру қажет",- деп жазды.
7. Сонымен қатар кадет сыныптарының түлектеріне әскери-техникалық бағыттағы ЖОО-ларға қабылдау кезінде квота қарастыру.

"Жалпы НҚА-да кадет сыныптарының жұмысы регламенттеледі. Қазір елімізде жалпы білім беретін мектептердің кадет сыныптарында 22 мыңнан астам оқушы білім алып жатыр. Оқу бағдарламалары, ынталандыру пакеттері және басқа да мәселелер Қорғаныс министрлігімен бірлесіп шешіледі",- деп нақтылады БҒМ басшысы.

Келесі мәселе "Алғашқы әскери және технологиялық дайындық" пәніне қатысты. Министр: "Біз Қорғаныс министрлігінен 5 күндік әскери-дала оқу-жаттығу жиындарын өткізу үшін оқу полигондарын беруді сұрадық, бұл "Алғашқы әскери және технологиялық дайындық" пәнінің бағдарламасында бар. Сонымен қатар Қорғаныс министрлігінің басшысымен бірге оқу пәндері мен оқу жүктемесіне түзетулер енгізу мәселелерін де талқылағанымызды қоса кетейін",- дейді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу