Әскерге барудан қашқан дені сау азаматтар енді 1 жылға дейін бас бостандығынан айырылып, 2 миллион теңге айыппұл төлеуі мүмкін. Бұл туралы күзгі шақыруға қатысты баспасөз мәслихатында Қарулы күштер бас штабы өкілдері мәлімдеді, деп хабарлайды khabar.kz.
Қазақстан әскерінің қатарына жаңадан 16 мың сарбаз қосылады. 2 қыркүйектен бастап елімізде 18-27 жас аралығындағы азаматтарды әскер қатарына шақыру басталған болатын.
"Біз Ішкі істер министрлігімен бірге жұмыс істейміз. Бірнеше мәрте шақыруға келмегендердің тізімін тиісті органдарға береміз. Азаматтарды тұрғылықты мекенжайы бойынша табу қиын. 27 жасқа дейін қашып жүретіндер де бар. Олардың үстінен әкімшілік жазадан бөлек, қылмыстық іс те қозғалады. Егер денсаулығына байланысты жалған құжаттар жасатса, одан 2 есе көп айыппұл төлейді. Немесе осы қаржыны өндіру мақсатында қара жұмысқа жіберіледі", - деді ҚР ҚК бас штабы тәрбие және идеологиялық жұмыстар департаментінің басшысы Мүслім Дайыров.